4.08.2022, 11:45
Оқылды: 148

Орал теміржол вокзалының басшысы Қайырболат Ғайнеден: «Біздің міндет – мінсіз қызмет»

Елдің экспорттық және транзиттік әлеуетін дамытуда теміржолдың алар орны ерекше. Орал теміржол вокзалы да осындай жауапты қызметті атқарып келеді. 

01

Вокзалдың еңселі ғимараты 1984 жылы салынған. Ғимарат іші ескілеу көрінеді. Алайда вокзалға келушілерге тез әрі сапалы қызмет көрсету басты назарда. Бүгінде Орал вокзалынан түрлі бағытқа 14 пойыз өтеді. Күніне шамамен 3000-дай жолаушы сапарға шығады екен. Мәселен, биыл қаңтар айынан мамырға дейін денсаулығын оңалтуға, емделуге үлкені бар, кішісі бар 6492 адам Нұр-Сұлтан мен Алматыға жол жүрген.

– Биыл «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының құрылғанына 25 жыл толды. Осы аралықта бұл салада көптеген өзгерістер болды. Елордада өткен айда еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөнінде кеңес өткен еді. Сонда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ-ны толықтай жаңғырту қажет еке­нін айтты. Ол Қазақстан теміржолын ұлттық көлік-логистика компаниясы ретінде трансформациялайтын уақыт келгенін айтты. Біз де Орал вокзалының қанат жайып, көркейіп, қызмет сапасының жақсара беретініне сенеміз. Қазір теміржолшылардың жалақысы көтерілді. Вагондар саны артуда. Кейбір пойыздарға 22, 24 вагонға дейін тіркеледі. Жаз мезгілінде кейде билет болмай қалуы мүмкін. Бұған үлкен себеп ретінде Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарының бір-біріне жақын орналасуын айтуға болады. Өйткені билетті Оралдан алып, бірақ өздері пойызға Ақтөбеден отыратын жолаушылар бар. Яғни екі облысқа қатынайтын пойыздар саны аз. Алайда әзірше пойыз санын арттыру жөнінде жоспар жоқ. Қалай болғанда да біз жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіп, діттеген жерлеріне аман-есен жетулеріне барлық жағдайды жасаймыз, яғни біздің міндет – мінсіз қызмет, – дейді Орал теміржол вокзалының басшысы Қайырболат Ғайнеден.

Жаз мезгілінде, балалар мен студенттердің демалатын кезінде, мейрамдарда пойызбен сапарға шығатындар көп. Осындайда теміржол билеттеріне деген сұраныс артады. Бұрын жолаушылар билетті вокзалға келіп алып жүргенде, бірнеше касса жұмыс істеген. Қазір тұрғындар жол жүру құжатын көбінесе электронды түрде алатындықтан, үш касса ғана бар. Оның біреуі түнде, екеуі күндіз қызмет көрсетеді. Қайырболат Ғайнеденұлы вокзалда мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасалғанын айтты. Ғимараттың бірінші қабатында мүгедектерге арналған арнайы бөлме бар. Қажет  жағдайда мүмкіндігі  шектеулі жолаушыларды екінші қабатқа көтеретін арнайы құрылғы жұмыс істейді. Сондай-ақ пойыз кестесін ультрадыбыспен жеткізетін ақпарат киоскісі іске қосылған. Вокзалдағы қонақ үйде ана мен балаға арналған бөлме жабдықталған.

02

– Бұл саладағы жұмыстың қаншалықты қиын екенін көпшілік біле бермейді. Теміржолшылар жолаушылардың діттеген жерлеріне алаңсыз жетулері үшін еңбектенеді. Мысалы, пойыздың жолын тексеретін теміржолшылар қыстың суығында, жазғы аптап ыстықта уақытпен санаспай жұмыс істейді. Вагондарды жөндейтіндер, тепловоз айдайтындар, пойызды рейске шығаратындар, бағдаршамды қосып-айыратындар және басқа да жұмысшылар бар. Вокзалға келген жолаушыға кезекшілер, ал пойыздағыларға жолсеріктер қызмет көрсетеді. Қызмет барысында неше түрлі жағдайлардың орын алатыны жасырын емес. Жолаушылардың да неше түрі бар. Алайда біздің қызметкерлер қандай жағдай болса да, сабырлылық танытып, өз міндет, миссияларын әрдайым барынша мінсіз атқаруға мүдделі кәсіби маман екендерін көрсетіп келеді. Біздің мамандар әр жолаушының бабын табуға тырысады. Бүгінде вокзалда 33 қызметкер жұмыс істейді. Вокзал басшысының кезекші көмекшілері – Светлана Абдуллаева, Альбина Батенова, Қымбат Құбашева, Әлия Құспанова, Зәмзәгүл Бекжанова, бірінші санатты инженер Шолпан Ғайнеден көптен қызмет етіп келеді, – дейді вокзал басшысының орынбасары Гүлсара Жұмағалиева.

Тәжірибелі қызметкер Гүлсара Саматқызы теміржол саласында 40 жылдан бері еңбек етіп жүр. Ол жуырда «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталған. Ал Гүлнар Бисенғалиева отбасылық теміржолшылар әулетінің (династиясының) жасампаз еңбек жолын жалғастырып келеді. Вокзал ұжымы осы саланың дамуына үлес қосып, бүгінде зейнетке шыққан ардагер теміржолшылармен де байланысын үзбеген.

Бүгінде теміржол магистралының операторы саналатын «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның бір бөлшегі – Орал теміржол вокзалының қызметкерлері жолаушылар мен жүк тасымалдауда сапалы да еселі еңбек ете бермек.

Айна Имашева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале