22.07.2021, 18:26
Оқылды: 69

Орал тұрғындары техпаспорт пен көлік нөмірін үйге жеткізу қызметін пайдалана бастады

2020 жылдың қазан айында электрондық үкіметтің Egov.kz порталында автокөліктің техпаспорты пен мемлекеттік нөмірлік белгісін қазақстандықтардың үйіне жеткізу қызметі іске қосылған болатын. Енді автокөлігіңізді онлайн түрде қайта тіркегеннен кейін мемлекеттік нөмірлік белгі мен автокөлікті тіркеу туралы куәлікті алу үшін мамандандырылған ХҚО-ға барудың қажеті жоқ.

43C64748-A683-475A-999D-129188692D24

Egov.kz арқылы өтінім рәсімдегенде жеке мәліметтеріңіз бен алуыңыз қажет құжаттарды (техпаспорт, МТНБ), сондай-ақ мекенжайыңызды көрсетесіз. Жеткізу қызметі ақылы, құны – 2240 теңге. Жыл басынан бері 33 қызмет алушы жеткізу қызметін пайдаланған.

Көлік алып отырған оралдық Шынболат Амантаев бұл қызмет туралы автоХҚО мамандарынан естіген. «Көлігімнің сатушысы Павлодар қаласында болғандықтан, құжатты онлайн түрде рәсімдеу біз үшін керемет мүмкіндік болды. Автокөлікті өз атыма рәсімдеп болған соң, тіркеу нөмірі мен техпаспортты үйге жеткізіп беруін қаладым. Тапсырыс берген күні ХҚО мамандары үйіме жеткізіп берді. Бұл өте қолайлы сервис екен», – дейді Шынболат Амантаев.

Сондай-ақ қазір «Азаматтарға арналған үкімет» Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында басқа да мемлекеттік қызметтер бойынша дайын құжаттарды клиенттің үйіне дейін жеткізу қызметін іске қосты. Оған 144 мемлекеттік қызмет қосылды, оның ішінде жылжымайтын мүлікке құқықтарды (ауыртпалықтарды) мемлекеттік тіркеу, жер учаскелерінің актілері, білім туралы құжаттарды апостильдеу, мұрағат анықтамалары, әскери билеттердің телнұсқаларын беру және басқалар бар. Жақын арада жүргізуші куәлігін, жеке куәліктерді, паспорттарды және басқа да құжаттарды үйге дейін тапсырыспен жеткізу қызметтері қолжетімді болады. Сервистің бұл түрі біздің облыста жақын арада іске қосылуы күтілуде.

«Азаматтарға арналған үкімет»

мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ

Батыс Қазақстан облысы бойынша

филиалының баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале