Батыс аймағының басты төрт қаласының әуесқой футзал командалары өзара сынға түскен «Oral west cup» турнирі аяқталды.

Төрттік финалы форматында өткен аяқдоп додасы екі күн бойы жанкүйерге нағыз футзал мерекесін ұсынды.

Жарыстың алғашқы күні өткен жартылай финал ойындарында Орал Ақтөбені, Атырау Ақтауды жеңді.

Бәсекенің шешуші күні алдымен Ақтөбе мен Ақтау үшінші орын жүлдесін сарапқа салды. Қорытындысында 7-3 есебімен жеңіске жеткен ақтаулықтар турнирдің қола жүлдегері атанды.
Ал финалда Атырау мен Орал командалары күш сынасты.
Тартысты матч 4-2 есебімен оралдықтардың пайдасына аяқталды.

Одан бөлек турнир барысында үздік ойын өрнегін көрсеткен атыраулық Сәбит Тастанбеков «Үздік шабуылшы», ақтаулық Сұңғат Жүзболсын «Үздік қақпашы», ақтөбелік Ерлан Дәрібаев «Үздік қорғаушы» атанса, Орал командасын өрге сүйреген Ықылас Махамбетов «Үздік ойыншы» аталымын қанжығалады.

Барлық командалар мен аталым иелері естелік сыйлық және атаулы медальмен марапатталды. Ал жеңімпаз команда кубок және қомақты қаржыны иеленді.




Түгелбай Бисен
«Орал өңірі»