9.12.2025, 12:00
Оқылды: 101

«Оралагрореммаш» дамудың жаңа кезеңінде

 

Биыл «Оралагрореммаш» акционерлік қоғамы 70 жылдық мерейтойын атап өтті. 1955 жылы Орал жөндеу зауыты ретінде құрылған кәсіпорын қазіргі таңда өрт сөндіру көліктерін, жанармай құю машиналарын, ауыл шаруашылығы және коммуналдық техникаларды шығарып келеді. Сонымен қатар Қазақстандағы жартылай тіркемелі арнайы техниканың жалғыз өндірушісі.

1-14-e1654755656944

Аталған акционерлік қоғамның өндіріс директоры Еркебұлан Иманғалиевтің айтуынша, зауытта бүгінде 280 адам еңбек етеді. Оның 200-і — өндірістік цех жұмысшысы, одан басқа инженерлік-техникалық мамандар, әкімшілік қызметкерлері бар. Кәсіпорында соңғы жылдары жұмыс тұрақтанып, тапсырыс көлемі өсті, кадрлардың тұрақтамауы азайды. Зауыттың өнімдері ел бойынша мемлекеттік және жеке тапсырыстармен қолданылып жүр.

Жаңа буын мамандар және жаңа бағыт

Зауытта жастарды оқытуға ерекше көңіл бөлінеді. Еуропалық тәжірибе енгізіліп, станоктер паркі жаңартылуда. Станоктердің 60%-ы компьютерлік сандық басқару жүйесіне (ЧПУ) көшірілген. Жаңа технологияларды меңгеру үшін жас мамандар арнайы оқуға жіберіледі. Сонымен бірге шетелдік өндірушілердің мамандары кәсіпорынға шақырылып, жергілікті кадрларды даярлайды.

Соңғы екі жылда зауыт жаңа бағытты игерді, жартылай тіркеме техникаларын жүйелі шығара бастады. Олардың қатарында ауыр жүк таситын жартылай және тентті тіркемелер, жаңа модификациядағы өрт сөндіру көліктері бар. Өрт сөндіру көліктеріндегі бұрынғы ресейлік жабдықтар біртіндеп еуропалық үлгілерге ауыстырылуда. Мысалға, сорғылар, электроника, басқару тетіктері. Кей бөлшектер АҚШ-тан тапсырыспен әкелінеді.

Технологиялық жаңарту және роботтандыру

Заман талабына сай кәсіпорын цехтары толық жаңартылуда. Соңғы екі жылда жартылай тіркемелердің негізгі бөліктерін дәнекерлейтін арнайы станок сатып алынды. Бұрын қолмен жасалатын жұмыстарды енді роботтар атқара бастады.  Өндірілген өнім сапасын бақылау үшін рентгендік сараптама енгізілді. Түркиядан арнайы роботтандырылған дәнекерлеу жабдығы сатып алынды. Қытайдан екі сандық басқару жүйесі (ЧПУ) бар станок әкелінді. Одан басқа ұзындығы 14 метрлік темір табақтарды кесетін плазмалық станок орнатылды.

— Бұл машина (плазмалық станок) екі жыл бұрын Түркиядан  жеткізілді. Металл материалдарының арасын дәнекерлемей, жігін білдірмей тұтас етіп құрылымдайды. Тағы екі заманауи осындай жабдық сатып алынды: оның біреуі –  итальяндық, екіншісі – қытайлық. Екі станок та жыл жарымнан бері еш кідіріссіз жұмыс жасауда. Әрі материалдарды үнемді пайдаланады, металл материалдарын жігін білдірмей жабыстырып, сапалы орындайды.  Мұндай жаңашылдық өнім сапасын арттырып, жұмыс уақытын айтарлықтай қысқартты, — деді өндіріс директоры.

Арнайы тапсырыстар және жеке секторға қызмет

«Оралагрореммаш» тек мемлекеттік тапсырыстарды ғана емес, жеке кәсіпкерлердің де сұранысына сай қызмет көрсетеді. Жуырда бір жас фермерге көпфункциялы ауыл шаруашылығы техникасы құрастырылды. Ол бидай тасымалдауға, картоп жеткізуге, алқапқа дизель отынын апаруға, әртүрлі жүк тасымалдауға арналған. Жобаны жасақтау кезінде венгриялық мамандармен бірлесе жұмыс істелінді.

—Осы техниканы кәсіпкер шаруашылығында әлі пайдаланып жүр. Осы көліктің негізінде егістік басына  отын жеткізетін бір жанармай құю стансасы көлігіне  тапсырыс берді.  Мұндай көлікпен тауар, су, дизель отынын таси алады. Адамдарды олар тұратын уақытша орынжай құрылысын да тасымалдайды, – деді Е. Иманғалиев.

Қытай компанияларымен ықпалдастық

Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыстардың нығаюына орай, «Оралагрореммаш» қытайлық техника өндірушілермен бірлескен жобаларды қарастыруда. Мақсат — қосалқы бөлшектерді шетелден тасымалдамай, ел ішінде өндіру. Бұл жағдай жаңа жұмыс орындарын ашуға, салық түсімдерін көбейтуге, өндірісті сапалы дамытуға мүмкіндік береді.

– Қытай – алып мемлекет, онда барлық өндіріс игерілген. Оларға да жаңа өндіріс орындарын ашу, өндірістерін кеңейту тартымды ұсыныс екені сөзсіз. Орал шаһары Ресей Федерациясымен шекаралас аумақта орналасқан. Сондықтан өңірде өндірілген өнімдерді әрі қарай сыртқа шығаруға болады. Бізді еңбек сапасын арттыратын  станок, жабдықтар және еңбек өнімділігін көтеру  жағы қызықтырады,  – деді аталған АҚ-ның өндіріс директоры.

doo-e1654756268589

Инфрақұрылым және жаңа өндірістік учаскелерде

Зауытта барлық цех сақталған, алтауы өнім өндіреді. Қалғандары – жөндеу, сервис, құрылыс, көлік учаскелері, қоймалар. Өткен жылы пайдаланылмай тұрған бір учаске модернизацияланып, жаңа бояу және кептіру цехы ашылды. Түркиядан алынған заманауи жабдықтың көмегімен бояу кептіру уақыты 24 сағаттан 4-6 сағатқа қысқарды. Бұл өңірдегі теңдесі жоқ технология.

Атшаптырым өндірістік цехтарды аралап көріп, жұмысшы мамандармен тілдестік. Қолындағы әлдебір сызбаға шұқшиған жас адам өзін Николай Дава деп таныстырды. Ол компьютерлік сандық басқару жүйесіне негізделген токарьлық станокта қажетті қосалқы бөлшектерді жасауда. «Сызба бойынша жасаймыз. Мұндай заманауи станокта бөлшек жасау оңай, жылдам әрі процесс қайталана береді. Бірақ бағдарламаға тапсырманы енгізіп, жұмыс процесін үнемі бақылап тұрасыз. Қарапайым станокта кей бөлшекті жасауға сағаттап уақыт кететін болса, мына станокта әрі кеткенде 20 минутта дайын болады. Уақыттан ұтамыз, сонымен қатар бөлшектің өлшемдері дәл, сапалы болады», —деген Н. Дава бұрын басқа компанияда жұмыс жасағанын, мына зауыттағы тірлігі өзіне ұнайтынын жеткізді.   Н. Даваның қасында токарьлық-фрезерлік станокта Дәурен Самиров деген жас оператор еңбек етеді. Бұл станок та сандық басқару бағдарламасы бойынша жұмыс жасайды. Өрт сөндіру көліктерін құрастыратын цехта жұмыс қызған. Ешкімнің бізбен сөйлесуге мұрсаты болмады. Екі жылдан бері дәнекерлеуші болып нәпақасын тауып жүрген Демеу Қабасовты сүретке түсуге әрең көндірдік.

Өрт сөндіру көліктерін құрастыратын цехта жұмыс қызғаны соншалықты, ешкімнің бізбен сөйлесуге мұрсаты болмады. Екі жылдан бері дәнекерлеуші болып еңбек етіп жүрген Демеу Қабасовты сүретке түсуге әрең көндірдік.

 

Гүлбаршын  Әжігереева,

«Орал  өңірі»

Суреттер сайт архивінен

  Аңсар Ысқақов, «Оралагрореммаш» АҚ-ның  №4 цехының  өндіріс шебері, 19 жаста:

– Оралдағы ақпараттық технологиялар колледжін техник-механик мамандығы бойынша бітірдім. Содан кейін өндірістік тәжірибеден осы кәсіпорынның №7 цехында тіркеме құрастыру жұмыстарына атсалыстым. Ол кезде слесарь едім. Былтыр жұмысқа қабылданып, бригадирлікке тағайындалдым. Кейін басқа цехқа өндіріс шебері етіп жіберді. Өзім бала кезімнен аутокөліктерді, техниканы жақсы көретінмін. Машина құрастыру өндірісіне келгеніме қатты қуанамын. Әркім өз ісін ұнатуы керек қой.  Қызметім өте жоғары жауапкершілікті талап етеді.   Қазіргі кезде өрт сөндіру көліктерін жабдықтаумен (комплектация) айналысамын. Көліктердің барлық тетіктерінің дұрыстығынен бастап, өрт сөндірушілердің киім-кешегіне дейін түгендеймін. Одан басқа №12 цехта түрлі арнайы техниканы құрастыруға қатысамын.    Осындағы жасы үлкен, білім-білігі кемел аға буынның тәлімгерлігімен машина жасаудың қыр-сырына қанығудамын. Биыл Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетіне технологиялық машиналар мен жабдықтар (ТМО) мамандығына оқуға түстім. Ондағы мақсатым – өндірістік тәжірибемді теориялық біліммен толықтырып, білімді маман атану.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале