Ел қорғайтын ержүрек азаматтарды тәрбиелеу – отбасынан басталып, мектеп қабырғасында жалғасуы тиіс. Осы орайда білім ошақтарындағы алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің рөлі ерекше. Бұл пән оқушыларға ел қорғау, азаматтық жауапкершілік, әскери дайындық және технологиялық сауаттылық бағытында білім беріп, болашақ жауынгерлерді тәрбиелеуде шешуші рөл атқарады.

«Әкенің орны бөлек»
Біздің кейіпкеріміз Оралбек Құбиев 2004 жылдан Серебряков орта мектебінде алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінен дәріс беріп келеді. Жас өрендердің патриоттық сезімін дамытуда алғашқы әскери дайындық пәні жетекшісінің ізденісі жоғары болғаны жөн. Өйткені жеткіншек Отан алдындағы борышын өтеуге барғанда алғашқы әскери дайындық сабағында алған теория және практиканы жүзеге асырып, әскери өмірдің қиындығына тез үйреніп кетеді. Бұл, әрине, әскери дайындық пәні жетекшісінің шеберлігіне байланысты.
– Ер балаларды Отан қорғауға тәрбиелеуде әкенің алар орны ерекше. Бір өкініштісі, қазіргі балалардың көбінің әкесі жоқ, анасы тәрбиелеуде. Бүгінгі күнде мектепте ата-анасы бар, бүтін отбасының балалары аз. Кейбірінің әкелері қайтыс болған болса, көпшілігі ажырасқан. Ал тек ана тәрбиесін көріп, өсіп келе жатқан ер балалардың дені әлсіз, әлжуаз, нәзік болып келеді. Қазіргі балалардың намысын жонап, қатты сөйлеуге де болмайды. Бірақ қажет жерінде қаталдық керек.
Өз сабағымда Бауыржан Момышұлының кітабын жиі қолданамын. Балаларымыз намысты, қайратты, батыл, ширақ болып өссін деп, тәуелсіз еліміздің мақтанышына айналған Талғат Бигелдинов, Тоқтар Әубәкіровтің еңбегін үлгі етіп айтып отырамын, – дейді Оралбек ағай.
«Оқушылар әскери рухты сезінуі керек»
Әскери дайындық пәні жетекшісінің айтуынша, әскери-патриоттық тәрбие беру үшін оқушы кабинетке кірген сәттен бастап әскери рухты сезінуі керек. Сондықтан оқу кабинеттерін арнайы бағдарламаларға сәйкес көрнекіліктермен жабдықтау маңызды. Сонымен қатар оқу үдерісін жеңілдету үшін тактикалық макеттер мен технологиялық дайындық макеттері ұсынылады. Тактикалық макет арқылы оқушылар ҚР Қарулы күштерінің құрылымы – құрлық әскерлері, әуе қорғаныс күштері және теңіз күштерімен танысады. Екінші бөлімде сарбаздардың ұрыстағы тактикалық іс-қимылдары қарастырылады: шабуылдағы сарбаз, қорғаныстағы сарбаз, бақылаушы сарбаз рөлдері бойынша тәжірибелік сабақтар өткізіледі. Технологиялық дайындық бөлімі жол қозғалысы ережелері мен арнайы белгілерді макет түрінде көрсетіп, оқушылардың визуалды түрде ақпаратты меңгеруіне көмектеседі.
«Әр оқушы Әнұранды жатқа білуі тиіс»
Жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру – олардың ұлттық санасын қалыптастыратын маңызды бағыттардың бірі. Осы орайда Серебряков мектебінде әр дүйсенбі сайын сабақ басталмас бұрын Әнұран айту бұлжымас заңға айналған. Бастауышта оқитын кішкентай балалар «Әскери оқалы киім киіп, Әнұран айтқызатын ағай қайда?» деп іздейді екен арасында болмай қалса.

«Балаларға Әнұранды жаттап алыңдар деп талап етемін. Әнұран айтқанда, төбе құйқаң шымырлап, азат елдің баласы екеніңді сезініп айт. Сіздер – егемен елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыздар! Мемлекет сіздердің алаңсыз білім алуларыңыз үшін бар жағдайды жасауда. Тамағың тоқ, киімің көк. Бейбіт елде өмір сүріп, білім алып жүргенің кейбір елдің балаларына арманға айналған. Сіздер осыны сезініп айтыңыздар деп үйретемін», – дейді Оралбек Құбиев.

Кейіпкеріміздің айтуынша, мектеп қабырғасында әскери-патриоттық іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Қарулы күштер тарихы, әскери батырлар туралы дәрістер мен семинарлар өткізу, әскери-патриоттық әдебиеттерді оқыту және оқыған әдебиетті талқылауға да оқушылар белсене қатысады. Тәжірибелік сабақтар аясында далалық жерге шығу, әскери ойындар ұйымдастыру, спорттық іс-шаралар арқылы әскери дайындықты дамыту жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар ол әскери тақырыптағы көркем және деректі фильмдерді көрсету, әскери-патриоттық әндер фестивалі мен шығармашылық байқаулар ұйымдастыруға да зор көңіл бөлетінін айтты. Алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің жетекшісі Оралбек Ғабдусәлімұлының сегіз шәкірті офицер болса, алты шәкірті әскери салада келісім-шартпен қызмет атқаруда. Ол әскери салаға бет бұрған шәкірттерінің жыл сайын көбейіп келе жатқанына қуанады.

– Отанды қорғау – әр азаматтың парызы. Егер біз оқушыларымызға сапалы әскерипатриоттық білім мен тәрбие берсек, олар елін қорғауға әрдайым дайын болады. Біздің мектепте Отанын қорғауды армандайтын ұл-қыздардың қатары көбейіп келеді. Соған қуанамын. Осыдан екі жыл бұрын Айару Бахыткерей деген оқушым Кеңес Одағының батыры атағын екі мәрте алған Талғат Бигелдинов атындағы Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғаныс күштерінің әскери институтына оқуға түсті. Қазір ол әскери медицина мамандығы бойынша білім алуда. Өзі сондай ылдым-жылдым, ширақ қыз еді. Мен оған «Сен мықты әскери маман боласың» деп жігерлендіріп, бағыт бердім. Жалпы, өз сабағымда оқушыларды әскери тәртіпке үйретуді басты назарда ұстаймын, – дейді Оралбек ағай.
Әскери-патриоттық тәрбие – тек мектеп қабырғасындағы пән ғана емес, ол ұлттық бірлікті нығайтудың, жастардың жауапкершілік сезімін арттырудың, отансүйгіштік, патриоттық рухта тәрбиелеудің негізгі құралы. Сондықтан да бұл бағытта жүйелі жұмыс істеп, бір мектепте әскери салада қызмет етіп қана қоймай, бірнеше маман тәрбиелеген ұстаздың еңбегі өлшеусіз екені анық.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»