Қазақстанның жаңа Конституция жобасы туралы референдумда ҰОС ардагері, 101 жастағы Вениамин Скаленко үйінде дауыс берді.

№447 референдум учаскесінің өкілдері денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне келе алмаған ардагердің үйіне барды. Осылайша қарияның референдумда дауыс беру құқығын іске асырды.
– Мен өзімнің азаматтық парызымды орындап, таңдау жасадым. Үлкен-кішінің бәрін дауыс беруге шақырамын. Өйткені елдегі болатын оң өзгерістер тәуелсіз мемлекетіміздің дамуына жаңа серпін береді. Қазақстан халқына денсаулық, бірлік тілеймін. Кең байтақ еліміз гүлдене берсін деймін. Біз, бәріміз, Жер-ананың балаларымыз. Сондықтан жерімізді қорғап, қастерлеуіміз керек. Әр азамат Отанын сүюі керек, – деген ардагер жастарды ерінбей еңбек етуге шақырды. Жұбайы Ксения Федосеевна да қарияның сөзін қоштап, кейінгі ұрпақтың гүлденген Қазақстанда өмір сүруін тіледі.

№447 учаскелік референдум комиссиясының мүшесі Нұрлыгүл Мәжитованың айтуынша, бұл учаскеде тіркелген 7 сайлаушы үйден дауыс береді.

Айна Имашева
«Орал өңірі»
Суретке түсірген: Мәди Салық