Орал қаласының тұрғыны 5 қараша күні саңырауқұлақ теруге шығып, қайтып келмеген. Іздеу жұмыстарына тікұшақ тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Орал қаласының 1949 жылғы тұрғыны 5 қараша күні таңертең саңырауқұлақ теру үшін орманға кетіп, содан қайтып оралмаған. 6 қарашада туыстары Батыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментіне жүгінді.
Жоғалған адамды іздеуге «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы жұмылдырылды. Жалпы, іздеу жүргізілген аудан – 56 шаршы км және сулы аумақта – 25 км.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына 6 қарашадан бастап құтқарушылар, полиция, еріктілер, жергілікті тұрғындар, орманшылар, әскери қызметкерлер қатысып жатыр. Олардың жалпы саны – 325 адам және 41 техника шығарылды.
Осы уақытқа дейін іздестіру жұмыстары нәтиже бермеді. Туыстарының айтуынша, жоғалған адам алкогольді асыра пайдаланбаған, есте сақтау қабілетінен айырылмаған. Сонымен қатар, онымен бірге ұялы телефонының болмағаны белгілі болды.
Айта кету керек, жыл басынан бері облыс бойынша 10 іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілді. Осыған байланысты, жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін Батыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері тұрғындар мен қонақтарды қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады:
- қарттар мен балаларды орманға жалғыз жібермеңіз;
- орманға барған кезде туыстарыңыз бен достарыңызға маршрут пен үйге қайту уақытын айтыңыз;
- ұялы телефонды толық қуаттаңыз және балансыңызды толтырыңыз, ұялы телефоннан басқа, механикалық сағаттың болғаны жақсы;
- жарқын түсті киім киіп, сондай түсті киімдерді қосымша алып алыңыз;
- барлық қажетті заттар рюкзагыңызда болуы керек: ысқырық, сіріңке, компас, азық-түлік, су, алғашқы медициналық көмек қобдишасы, балта, қазанша, жәндіктерге қарсы репеллент, от жағуға арналған құрғақ спирт таблеткалары.