Бүгін Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында журналист, тележүргізуші, ақын Мұнайдар Балмолданың «Он төрт» романы арқау болған «14» (реквием) қойылымының премьерасы болды.
Еске сала кетсек, биылғы қыркүйек айында Мұнайдар Балмолданың «Он төрт» кітабы оқырманға таныстырылған болатын. Тарихи дерек бойынша жазылған «Он төрт» романында 1937 жылдан кейін «Қазақ халқын қорғаушылар Одағы» атты жасырын антикеңестік ұйым құрып, бір іске жұмылған қазақтың он төрт жас оғланының қайғылы тағдырын суреттейді.
1940 жылы өңіріміздің Жалпақтал ауданында (сол кезгі Фурманов ауданы) құрылған жасырын ұйым кеңес үкіметінен Қазақстанның бөлініп шығып, өз алдына дербес мемлекет болып өмір сүруін қалайды. Олар соны үкімет басшыларынан талап етеді. КСРО Конституциясын басшылыққа алып, жоғарыға хат жазады, егер хатта көрсетілген талап орындалмаған жағдайда қазақ халқы қолына қару алып, өз мүддесін қорғауға бел буады, осы жолда «ҚХҚО» ұйымы бас болады деп атап көрсетеді. Олар жұмыстарын жандандыру бағытында үнпарақ басып шығарады, ұйымның куәлігін дайындайды, қарулы көтерілістің жоспарын құрады, бірақ мұның барлығы іске аспаған нәрселер еді. Он төрт жігітті НКВД адымын аштырмай тұтқындайды. 1941 жылдың желтоқсан айының аяғында оларды Оралдың түрмесіне («Қырықтұрба») қамайды. 1942 жылдың наурызына шейін жауаптау, тергеу жұмысы жүреді. Орал түрмесінде азап шеккен он төрт боздақты ақыры айрықша кеңестің шешімімен сотсыз үкім шығарып, жазаға кеседі.
«14» қойылымының режиссері әрі инсценировкасын жасаған Мұқанғали Томанов, суретшісі Мұрат Мәмбетов. Қойылымның кеңесшісі – осы «Қазақ халқын қорғаушылар Одағының» тарихын алғаш зерттеген журналист Амангелді Шахин. Қойылымның басты рөлдерін – Ғұбайдолла Әнесовті Жасқайрат Валиуллиев, Сатымовты – Айдар Жарылғапов, Сатқали Молдағалиевті – Жамбыл Заев, Сейітқали Бажекеновті – Жылқыбай Жұбатов, Сталинді – Мәдениет саласының үздігі Теміржан Матаев сомдады.
Нұрлыбек Рахман
zhaikpress.kz
Сурет "Facebook" желісінен
Ұқсас жаңалықтар: Мұнайдар БАЛМОЛДА: «Ғұбайдолла батырдың тұлғасын қазақтың қай батырымен де қатар қоюға болғандай…»
Мұнайдар БАЛМОЛДА: «Ғұбайдолла батырдың тұлғасын қазақтың қай батырымен де қатар қоюға болғандай…»