3.01.2018, 19:36
Оқылды: 74

Оралда 31 желтоқсанда пиротехникадан төрт бала зардап шекті

pirotehnikaЖаңа жыл мерекесінің отшашуларсыз өтпейтіні белгілі. Жарқ-жұрқ еткен пиротехникаға, әсіресе, балалар өте құмар. Ескі жылдың соңғы күні Орал қаласында жарылғыш заттан төрт бала зардап шеккен. Басты себеп – қауіпсіздік ережелерінің дұрыс сақталмауы. Абырой болғанда, өмірлеріне еш қауіп төнбеген. Төртеуі де жеңіл-желпі жарақат алған. Оларға облыстық аурухананың жарақат пунктінде дәрігерлік көмек көрсетілген.


Орал қалалық Жедел жәрдем станциясы директорының орынбасары Гүлнәр Жұмағалиеваның мәлімдеуінше, 30 желтоқсан мен 2 қаңтар аралығында тәулігіне шамамен 600-650 шақырту түскен. Мейрам күндері 26 жедел жәрдем тобы қалыпты жағдайда жұмыс жасаған. Ал кешкі сағат 6 мен түнгі 1-ге дейін қосымша алты жедел жәрдем тобы және алты қалалық емхананың шұғыл көмек көрсету тобы кезекшілік атқарған. Жалпы, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл жаңа жылдық мереке күндері жедел жәрдем қызметіне жүгінгендер саны едәуір азайған. Былтыр тәулігіне орта есеппен 800 шақыртуға дейін қабылдаған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Абдрахманованың айтуынша, 30 желтоқсан мен 2 қаңтар аралығында облыс аумағында 16 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 31 адам зардап шеккен.  Тоғыз жол апаты Орал қаласы, ал жетеуі облыс аумағында орын алған. Екі адам жедел жәрдем көлігі келіп жеткенше қаза тапса, тағы екі адам ауруханаға жетпей көз жұмған.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінен түскен мәліметке сүйенсек, мейрам күндері облыс аумағында алты өрт оқиғасы тіркелген. Төртеуі Орал қаласында, сондай-ақ екеуі Зеленов ауданының Мичурин ауылында және Бөрлі ауданына қарасты Жарсуат ауылында орын алған. Соның ішінде 1 қаңтар күні Орал қаласындағы №2 саяжайда орналасқан 20 шаршы метрді алып жатқан саяжай толығымен отқа оранса,  Жарсуат ауылында 2 тонна мал азығы түгел өртеніп кеткен. «Зардап шеккендер жоқ. Мал-жан түгел аман. Қазір барлық өрт оқиғаларының жай-жапсары мен шығын көлемі анықталуда», – дейді баспасөз қызметі.

 Динара Жұмабекқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале