Бүгін Орал қаласы әкімдігі мен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратының маңында ағаш отырғызу акциясы өткізілді.
Өңіріміздің экологиялық жағдайын жақсарту, Елбасы тапсырмасына сәйкес туған өлке табиғатын түлетуді мақсат еткен шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.
Өңір басшысы сенбілікке қатысушыларымен бірге тал-терек отырғызып, акцияның мән-маңыздылығын атап өтті.
- Естеріңізде болса, Елбасы Н.Назарбаев облысымызға қызметтік сапары барысында халықпен кездесуінде "Сіздер республикамыз бойынша экологиялық ең таза, жасыл қалада тұрасыздар, осы байлықты бағалау керек" деп атап өтті. Расымен, "Атадан мал қалғанша, тал қалсын" деген сөздің жаны бар. Бүгінгі шараға ардагерлер, облыстық және қалалық әкімдік қызметкерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, жеке кәсіпкерлер, студенттер қатысып отыр. Бәрінен бұрын осындай маңызды шараға кішкентай бүлдіршіндерімен келген тұрғындарға риза болдым. Өйткені бала "Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі", бүгінгі ата-анасының ісінен үлгі алып, өзі де игі дәстүрді жалғастыратын болады. Яғни аталмыш акция ұрпақтар сабақтастығын сақтауға негізделген. Жалпы, биыл өңір бойынша 6 мың тал-терек отырғызу жоспарланған. Бұл әлі де аздық етеді, алдағы уақытта бұл көрсеткішті ұлғайту бағытында жұмыстар жүргізілуде, - деді Алтай Сейдірұлы.
Аяужан КЕРЕЕВА,
zhaikpress.kz