20.12.2022, 12:15
Оқылды: 156

Оралда ақын Ұлдай Сариеваның шығармашылық кеші өтуде

Қаладағы Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Ұлдай Сариеваның шығармашылық кеші басталды.

7

Ақынмен кездесуге белгілі ақындар, журналистер, ақынның өлеңін сүйіп оқитын оқырмандары да келген. Кеш басталмас бұрын ақын Ұлдай Сариеваның өмір жолы туралы шағын видеоролик көрсетілді. Кейін жастар ақынның өлеңдерін оқыды.

Бұл кеш Қадыр Мырза Әлі атындағы өнер орталығының "Елеулі есімдер" жобасы аясында өтіп отыр. Ақынның шығармашылық кешін өнер ордасының директоры Бауыржан Халиолла ашты.

"Табиғатынан бөлек, ерекше құбылыс иесі, ақын Ұлдай Сариеваның кешіне қош келдіңіздер! Ұлдай апайдың өлеңдері де өзінің мінезі секілді. Біз апайға өтініш айтып, осы кешті ұйымдастырдық. Таусылмайтын өлең жазып, ешкімнің есінде қалмаған жан қаншама. Керісінше, бір ғана өлең жазып, ол әнге айналып кету де бақыт қой. Міне, Ұлдай апамыз осы бір әнмен Алаштың есінде жүр. Бүгінгі мерейлі жасыңыз құтты болсын!" - деді ақын Бауыржан Халиолла.

Сахнада Бауыржан Халиолла ақын Ұлдай Сариеваға «Үздік мәдениет қызметкері» төсбелгісін тағып, шапан жапты.

Кейін "Жайық Пресс" медиахолдингінің бас директоры Табылғали Сапаров сөз сөйлеп, ақынды құттықтады.

6

"Оралға келген Фариза Оңғарсынова маған осы Ұлдай Сариева туралы айтты.  Жас ақын қыз бар, қолдау көрсетіп жүргейсің деген еді. Содан бері қолымыздан келгенше ақынға шығармашылық қолдау білдіріп келеміз,"- деді Табылғали Сатқалиұлы.

Ақынның кешіне келгендер ерекше әдеби кештің куәсі болып, ал ақынның әріптестері жастық шақтың естеліктері туралы айтып жатыр.

Жанат Көшкінбай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале