31.05.2017, 11:26
Оқылды: 55

Оралда Алаш Орданың құрылғанына 100 жыл толуына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде

Бүгін Орал қаласында «АЛАШ ОРДА» ҚОЗҒАЛЫСЫ: ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІ ИДЕЯСЫНЫҢ ДАМУЫНА ЫҚПАЛЫ» атты Алаш Орданың құрылғанына 100 жыл толуына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция басталды.


Оған Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Павлодар қалаларынан келген тарихшы-ғалымдар, өлкетанушылар жəне музей қызметкерлері қатысуда.
Пленарлық мəжілісті ашқан Орал қаласының əкімі Нариман Төреғалиев Батыс Алаш Орда көсемдерінің еңбегін зерттеу жас ұрпақ үшін маңызды екенін атап өтті.

- 31 мамыр - қаралы күн. "Өлі разы болмай, тірі байымайды" деген нақыл бар. Ұлт зиялылары қазақ мүддесі үшін империя саясатына қарсы күресті. 1922 жылдан бастап Алаш партиясында болғандарды Кеңес үкіметі қудалай бастады. Үкіметтің жасырын зерттеуімен күдікке ілінгендер үш топқа бөлінді. Біріншісі, ұстанымын өзгертпеген алашордашылар, екіншісі, Коммунистік партия қатарына өткендер, үшіншісі, Кеңес үкіметінің құрылғанына шынайы қуанғандар, дегенмен "қызылдар" сенімсіздікпен қарағандар. Коммунистік партияға қабылданғандар арасында ең алғаш Ахмет Байтұрсынов жазалауға ұшырады. Оны "партия жарнасын төлемеді" деп айыптап, Коммунистік партия қатарынан шығарды. Дегенмен негізгі тағылған айып басқаша еді. Ахмет Байтұрсынов Алаш қайраткерлеріне кешірім жасап, жауапты қызметке орналастырғанымен, кеңестік органдар қыспағына ұшырап отырғаны жайында Ленинге хат жазған еді. Белгілі ғалым Манаш Қозыбаев өз еңбегінде Кеңес үкіметі екіжүзді саясат ұстағанын айыптады. Кейін Алаш көсемдерін ашық қудалау бастады. Батыс Алаш Ордада еңбек еткен, бірақ еңбегі елеусіз қалған Əлібеков, Бисенов секілді тұлғалар бар. Солар жайында терең зерттеу жүргізу маңызды, - деді Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директоры орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлова.

Конференцияда академик, тарих ғылымдарының докторы Тұяқбай Рысбеков "Алашорда үкіметінің ақ казактармен ұлттық әскери жасақтар құру жолындағы жүргізген шаралары" жайында баяндады. Одан кейін Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева, журналист, «Жайық Пресс» ЖШС жанындағы Баспасөз тарихын зерттеу орталығының жетекшісі Қазыбек Қабжанов, Батыс Қазақстан облысы Дін істері басқармасының бөлім басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Саялбек Ғиззатов, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев баяндама жасайды.

Конференцияны «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» жеке қоры мен Орал қаласының əкімдігі ұйымдастыруда. Пленарлық мəжілістен соң конференцияның секциялық жиындары М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да ұйымдастырылады.

Нұртай Текебаев
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале