Орал қаласындағы ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517 әскери бөлімінде жыл сайынғы техникалық байқау өтуде.

Шара барысында бөлімдегі барлық әскери техникалар — броньды көліктер мен арнайы машиналар — толық тексерістен өтіп жатыр. Техника жарамдылығы, құжаттардың дұрыстығы, жүргізушілердің дайындық деңгейі мұқият бағалануда.

Байқауға «Батыс» өңірлік қолбасшылығының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары, полковник Виктор Мұхатаев жетекшілік етуде. Оның айтуынша, техниканың сапасы — қауіпсіздік пен жауынгерлік дайындықтың негізі.
Сонымен қатар, қару-жарақ қызметінің әскери қызметшілері де өз білімін көрсетіп, қару мен оқ-дәріні сақтау тәртібі бойынша сынақтан өтуде.

Бұл байқау әскери бөлімдегі тәртіпті күшейтіп, жеке құрам арасында жауапкершілікті арттыруды мақсат етеді. Үздіктер анықталып, техникалық қамтамасыз етуді жақсарту жөнінде ұсыныстар жасалмақ.
Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі