Жақында «Атамекен» өнер ордасында жыл сайын дәстүрге айналған республикалық «Асыл ана» форумы қорытындыланды. Аталмыш форум екінші жыл қатарынан облыстық әкімдік жанындағы әйелдер және отбасы демографиялық мәселесі бойынша комиссияның қолдауымен ұйымдастырылуда. Аналарға арналған іс-шараға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов елімізде соңғы жылдары әйелдер көшбасшылығы мен кәсіпкерлігін дамыту қарқынды жүргізіліп келе жатқанын атап өтті.
– Жалпы отбасы саясатына қатысты мәселенің барлығы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының үнемі назарында. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылы «2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы» былтыр қайта пысықталды. Оның негізінде мемлекет және қоғамдық институттар тарапынан отбасылардың әл-ауқатын арттыру бойынша кешенді шаралар қабылдануда. 2006 жылдан бері ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, облыстарда өңірлік комиссиялар жұмыс істейді. «Асыл ана» жобасы – өңірде әйелдердің ауқымды түрде қарым-қатынас жасауына, ұлттық салт-дәстүріміз бен салт-санамызды сақтау арқылы өзін-өзі дамытуға мүмкіндік беретін үлкен диалог алаңына айналып отыр. Сонымен қатар қайырымдылық жасап, жаңа бизнес идеяларды жүзеге асырып, әр салада белсенді қызмет атқарып жүрген аналарға жыл сайын «Асыл ана» форумының арнайы премиясы табысталуда. Былтыр жобаның жеңімпаз-жүлдегері атанған үш ана Грузияға саяхатқа барып қайтты. Аналар «Грин-скул» жобасы шеңбе-рінде қалалық №38 мектеп-лицейіндегі алма бағы мен Орал қаласы аумағын көгалдандыру жұмысына атсалысып, өскелең ұрпақты еңбекке баулуға үлес қосты. Сондай-ақ «Айкуне», «Жаныңда жүр жақсылар» жобалары қазақ-стандық патриотизм, еңбексүйгіштік, саламатты өмір салты мен үлкенге құрмет секілді адами құндылықтарды дәріптейді. Биыл мамыр айында облысымызда өткен «Еңбегі жанған арулар» батыс өңірлік әйелдер форумы – өлкеміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан ірі шаралардың бірі. Статистикаға көз жүгіртсек, экономикалық салада әйелдер жұмыссыздығы жылдан-жылға азайып келеді, – деді Бақытжан Хаберұлы.
Облыста қазіргі таңда өңірдегі кәсіпкер қыз-келіншектер дің үлесі 50 пайыздан астам. Мұндай жоғары көрсеткіш әйелдер кәсіпкерлігінің дамуы әлеуетінің тағы бір дәлелі. Шағын бизнес кәсіпорындардың 50 пайыздан астамын әйелдер басқарып отыр. Оның ішінде ателье, сұлулық салондары, дүкендер және денсаулық сақтау, азық-түлік және туризм салаларын ерекше атап өтуге болады. Облыстық іскер әйелдер қауымдастығы өңірдегі әйелдердің жан-жақты тұлғалық дамуы мен кәсіпкерлігін дамыту бағытында үлкен жұмыстар атқарып келеді. Қайырымдылық және жұмыспен қамту бағытында түрлі жобалар жасап, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлестерін қосуда.
«Асыл ана» республикалық форумында әр сала бойынша арнайы жүлделер мен аталымдар табысталды. Бас жүлдеге отағасымен 40 жыл бақытты ғұмыр кешіп, үш бала өсіріп, бірнеше немере сүйген жасы 60-тан асса да, бұқаралық спорттық іс-шараларға белсене қатысатын Айжан Хулжанова ие болды.
Жалпы «Асыл ана» жобасы 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бұл жоба әлеуметтік желі арқылы әйел азаматтар арасында кеңінен тарады. Жоба шеңберінде облысымыз бойынша әр салада жүрген әйелдер, көптеген көпбалалы жас ана өзін-өзі дамыту бойынша арнайы тренинг, курстардан өтіп, өз істерін бастауға ниетті аналарға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Соңғы үш жылда осы жобаға 200-ден астам қыз-келіншек қатысып, 30-ға жуық әйел өз істерін ашып, жаңа бизнес идеяларын жүзеге асыруда.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»