Оралда қоғамдық көлік жүргізушілерінің төбелесі видеоға түсіп қалған. Құқық қорғау органдары қызметкерлері ер адамдардың арасында қандай мәселе туындағанын анықтап жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оқиға 10 ақпанда таңертең Абай даңғылында, автобус аялдамасы маңында болған. Видео авторының айтуынша, оқиға болған кезде жұмысқа бара жатқан.
"Автобус жүргізушілері төбелесті. Қазір жол жүру құны - 80 теңге. Бір жағынан бұл 80 теңге үшін күрес секілді көрінді", - деді ол.
Полиция департаменті қызметкерлері қазір тәртіп бұзғандардың іздестіріліп жатқанын айтты.
"Оқиғаға қатысушылар құқық қорғау органдарына жүгінген жоқ. Тәртіп бұзғандар анықталып, жауапкершілікке тартылады", - деді БҚО ПД баспасөз қызметі өкілі.
Айта кетейік, қала тұрғындары жолаушылар көлігіне үнемі наразылық білдіреді. Олар жүргізушілердің қозғалыс кестесін сақтамауына және көліктердің жағдайына шағымданады.