Орал қаласындағы М.Ықсанов көшесі бойында наурыз мерекесіне орай ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі басталды. Жәрмеңкеге қала және облыс аудандарының тауар өндірушілері қатысуда.
- Бүгінгі азық-түлік жәрмеңкесіне 51 сатушы өз тауарларын шығаруға ниет білдірген еді. Алайда қазір 80-нің үстінде сатушы келді. Жәрмеңкеге сегіз аудан қатысып отыр. Қазталов, Ақжайық аудандары ет, Зеленов ауданы бал, май өнімдерін әкелуде. Теректі ауданынан өсімдік майы келді. Тауарлар базар бағасымен салыстырғанда 10 пайыздай арзан. Соғым біте келгесін болар, негізінен ет өнімдеріне сұраныс жоғары екені байқалып тұр. Балық тоғандардан тікелей әкелінуде. Сиыр етінің келісі 1200, қой еті 1100 теңгеден сатылуда, - дейді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің сектор меңгерушісі Қайрат Төлеуішов.
Екі күнге созылатын жәрмеңке сағат 9.00 - 15.00 аралығында өтеді. Жәрмеңке ұйымдастырылуына байланысты Ықсанов көшесінің Достық даңғылынан Құрманғазы көшесіне дейінгі аралығында көлік қозғалысы тоқтатылған.
- Мұндай жәрмеңкелердің жиі ұйымдастырылғаны тұрғындар үшін тиімді. Азық-түлік бағалары көңілден шығады. Базардағымен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Жылқының таза етінің келісін 1500 теңгеден сатып алдым, -дейді қала тұрғыны Владимир Яковлевич.
Нұртас Сафуллин
zhaikpress.kz