Қарашаның 11-12-сі күндері Орал қаласында балалар-жасөспірімдер туризмін дамытуға арналған халықаралық форум өтпек. Аталмыш шараны БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы мен облыстық білім басқармасы ұйымдастыруда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте айтылды.
«Қосымша білім беру жағдайында балалар-жасөспірімдер туризмін іске асырудағы кластерлік тәсіл» атты форумның өту барысы баяндалған баспасөз мәслихатына облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Ғалым Бекқалиев пен облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Луара Батырғалиева қатысты.
– Балалар-жасөспірімдер туризмі кластерінің қызметін насихаттау арқылы біз ішкі туризмді дамыта аламыз. Осы орайда өңірімізде жақын және алыс шетелдерден қонақтардың қатысуымен халықаралық форум өтпек. Республика бойынша жалпы 41 туризм және жас туристер стансасы қызмет атқарса, оның 14-і Батыс Қазақстан облысында. Туризмді дамытуда азды-көпті тәжірибеміз бар. «Соқпақ - Тропинка» журналы жүйелі шығып тұрады. Туған жерді танып білуде экспедициялар, ғылыми-танымдық конференциялар ұйымдастырылып келеді. Балаларға туристік-өлкетану қызметі арқылы үздіксіз білім мен тәрбие берудің толыққанды жүйесі құрылды. Ресей Федерациясы және басқа да шетелдердің балалар ұйымдарымен халықаралық конференциялар мен іс-шаралар өткізуде тәжірибе жинақталып, халықаралық байланыстар қалыптасты. Халықаралық деңгейде өтетін бұл шараға еліміздің мемлекеттік құрылымдары мен қоғамдық ұйымдары, балалар туристік ұйымдары, қосымша білім беру мекемелерінің, жоғары оқу орындарының басшылары, ғалымдар, Ресей Федерациясының қосымша білім беру ұйымының өкілдері мен ғалымдары қатыспақ, - деді Луара Қайрекенқызы.
Ал Ғалым Бекқалиевтің айтуынша, аталмыш форум екі кезең бойынша ұйымдастырылады. Алдымен Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында ТEDx форматында пленарлық отырыс өтіп, одан кейін облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығында танымдық-экскурсиялық бағдарлама, «Атамекен» қалалық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығында, Бәйтерек ауданы жас туристер станциясында көшпелі семинар-практикумы болады. «Өлкетану» фильмі мен «Туризм-өлкетану қызметі әдістемесінің» тұсаукесер рәсімдері ұйымдастырылады. Облыстағы балалар-жасөспірімдер туризмін дамытуға елеулі үлес қосқан, А.Остапец-Свешников атындағы халықаралық балалар-жасөспірімдер туризмі және өлкетану академиясының академигі, халықаралық «Балалар және жасөспірімдер туризм және өлкетану академиясының» еліміздегі филиалының төрағасы болған Виктор Фоминге арналған мемориалдық тақта ашылады.
Гүлсезім Бияшева
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер