Ұлтымыздың ұлттық құндылықтарының бірі - бата беру дәстүрін дәріптеу, жаңғырту және кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында Орал қаласы білім беру бөлімінің жұмыс жоспарына сай мектептен тыс жұмыстар орталығының ұйымдастыруымен Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесі аясында «Батаменен ел көгерер...» атты бата беру байқауы өтті.
Байқауға 6 жастағы оқушыдан бастап, 40 жасқа дейінгі ата-ана, ұстаздар - жалпы 41 үміткер қатысты.
Шарапатты шара - ата салтын ардақтап, дәстүрімізді дәріптеуге бағытталғанғанын атап өту керек. Қатысушылар салиқалы сөз саптап, үлкендерден көргенін үлгі етті. Бірінші кезеңде өздерінің таңдаулары бойынша бата берсе, екінші кезеңде жеребеге сәйкес түскен тақырыптар бойынша еркін тақырыптағы, жолға шыққанда, ас қайырғанда, мерекеге айтылатын бата, нәрестеге, жастарға, шаңыраққа берілетін бата-тілекті жатқа айтты. Осылайша, түрлі үлгідегі ақ батаны жаудырып, тыңдарманның дәстүрлік танымы мен өнер өрісін молайтуға себепші болды.
Қазылар алқасы бата берушілердің өнерін бағалауда бата беруімен қатар, сахна мәдениеті, әртістік шеберлігі, мазмұнын ескеріп, жас ерекшеліктеріне сай екі топта жүлдегерлерді анықтады.
Қатысшылардың барлығы мектептен тыс жұмыс орталығы атынан алғыс хаттарға ие болса, жүлдегерлер қалалық білім беру бөлімінің дипломдары және арнайы сыйлығымен марапатталды.
Орал қаласы білім беру бөлімінің баспасөз қызметі