13.02.2024, 22:19
Оқылды: 56

Оралда БҚО аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен келелі кеңес өтті

Өткен жылдың соңында облыстық, аудандық, қалалық аумақтық сайлау комиссияларының, учаскелік сайлау комиссияларының жаңа құрамы жасақталған болатын. Қазір осы комиссия мүшелерінің жеке жауапкершілігін арттыру, құқықтық біліктілігін жетілдіру міндеті тұр.

IMG-20240213-WA0137

Бүгін БҚО аумақтық сайлау комиссиясы «Сайлау процестерін ұйымдастыруда заңдылықты сақтау мен сайлау дауларын шешу» тақырыбында семинар-кеңес ұйымдастырды. ZOOM байланысы арқылы өткізілген кеңеске облыстық, аудандық және қалалық аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері қатысты.

IMG-20240213-WA0136

Семинар-кеңесте БҚО Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Алтынай Дәулетова мен БҚО прокурорының бірінші орынбасары Дәурен Омарғалиев сөз алып, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарының бұзылуына жол бермеудің маңызына ерекше тоқталды.

БҚО аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Мағрипа Нигишева 2023 жылы өткен ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлаулары мен пилоттық негіздегі аудан әкімдері сайлаулары және ауылдық округ әкімдері сайлауларында түскен өтініш пен арыздарды жан-жақты саралап берді. Әсіресе, «Е-Өтініш» арқылы түсетін хаттарға сапалы және уақытында жауап берудің қажеттілігін айтты.

БҚО Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Ерлан Усманов пен БҚО прокурорының көмекшісі Артур Шоқпановтар заңсыз әрекеттерді болдырмау жолдарын тарқатып берді.

IMG-20240213-WA0135

Алқалы жиында БҚО бойынша кірістер департаменті Өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Тимур Төлеповке қойылған сауалдар аз болмады. Электоралды кезеңде кейбір кандидаттар тапсырған салық декларацияларының дұрыстығын дәлелдеу үшін сотқа жүгінеді. Соттың шешіміне сәйкес кірістер органдары берген қорытынды күшін жойып жататын сәттер де кездеседі. Мұндай жағдайда сайлау комиссияларының шешімдерін сот шешіміне сәйкес қайта өзгертуге тура келеді. Демек, сайлау комиссияларына берілетін қорытынды сапалы дайындалуы керек десті семинарға қатысушылар. Кеңесті қорытындылаған БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов сайлауды ұйымдастыру, оның ашық, заң талаптарына сай өтуі халықтың дауыс беру нәтижелеріне сенімін нығайту үшін өте маңызды екенін айтты. Сондықтан электоралдық оқытуды жандандыруды және өңірдің барлық деңгейдегі комиссиялардың жаңа мүшелерін оқытудың тиімділігіне арттыруды тапсырды.

IMG-20240213-WA0138

Ол бүгінгі басқосуды сайлау комиссиялары арыз-шағымдар мен өтініштерді қарастыру барысында барлық тараптармен сындарлы да салиқалы диалог орнату қажет деп қорытындылады.

БҚО аумақтық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале