4.12.2023, 17:15
Оқылды: 46

Оралда бокстан ел чемпионатының жеңімпаздары белгілі болды

Жуырда Оралда бокстан жастар арасында ел чемпионаты өтті. Қазақ елінің барлық облысы мен Алматы, Шымкент, Астана қалаларының үздік жас былғары қолғап шебері күш сынасқан айтулы доданың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбраимов, БҚО бокс федерациясының президенті Бауыржан Кәрімов, бокстан ҚР Жастар құрама командасының аға жаттықтырушысы Әділ Басықараев қатысты.

бокс2

- Еліміздің үздік жас боксшылары Орал шаһарында бас қосып, кім мықтыны анықтайды. Кезінде әлемге әйгілі боксшы, ел мақтанышы Геннадий Головкиннің өзі жеңісті жолын Оралда бастаған. Бабы мен бағы қатар шауып, үздік шыққан әр спортшы сол чемпионымыздың жеңісті жолын қусын. Оның жетістігіндей жоғары жетістікке жетсін, - деді спортшыларға қош келдің айтқан облыс әкімінің орынбасары Б. Нарымбетов.

Одан соң Ермахан Сағиұлы сөз алып, спортшыларға сәттілік тіледі.

бокс жп

Шаршы алаң бәсекесінің қорытындысында 46 келі салмақ дәрежесінде Атырау өңірінің боксшысы Алмас Хинекин, 48 келі салмақ дәрежесінде Жетісу облысынан келген Әділбек Қожахан, 51 келі салмақта қарағандылық Нұрлан Алмаз, 54 келі салмақ дәрежесінде қызылордалық Ерхан Оңталапов чемпион атанды.

бокс

 57 келі салмақта ақтөбелік Жансері Көшербаев үздік шықса, 60 келіде шымкенттік Бек Жолдасбек қарсылас шыдатпады. 63,5 келі тартатын боксшылар арасында Жамбыл облысының спортшысы Асқар Қуаныш, 67 келі салмақ дәрежесінде Түркістан облысының боксшысы Сұлтан Тұрдалы жеңімпаз атанса, 71 келіде оралдық спортшы Өнер Сейілхан үздік шықты. 75 келі салмақ дәрежесінде тағы бір шымкенттік спортшы Санжар-Әли Бегалиев, 80 келіде жамбылдық Мадияр Бексұлтанов, 86 келі салмақ дәрежесінде қарағандылық Иманғали Нұрпейісов, 92 келіде Қызылорда облысының боксшысы Аслан Еділбайұлы үздік шықса, аса ауыр салмақ бойынша  алматылық боксшы Нұркелді Жұматай қарсылыс шыдатпады.

6e85b0f4-6f0f-4b89-a860-8e712327a796

  Одан бөлек «Жеңіске деген жігері үшін» аталымымен алматылық Дәулет Данияр, «Үздік техникасы үшін» оралдық Өнер Сейілхан марапатталса, Сайлаубек Журипов жарыстың «Үздік төрешісі» атанды.

Ел чемпионатында өңір боксшылары арасында тағы кімдер жүлдеге  ілікті десеңіз. Имран Динишев 86 келі салмақта күміс жүлдеге ие болса, 46 келіде жұдырықтасқан Мәлік Досымжан, 60 келіде Данияр Кенжеұлы, 80 келіде Аян Қалмағанбетов, 86 келіде шаршы алаңға шыққан Мейрамбек Асетаев пен 92 келі салмақ дәрежесі бойынша Ерасыл Әлімжанов қола жүлде иегерлері атанды.

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале