Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Болашақтың кілті – біліктілік пен білімділікте» атты кездесу өтті.
«Еңбек күні» апталығы аясында университетіміздегі «Парасат» ақпараттық білім беру орталығы ұйымдастырған бұл кездесуге «Болашақ» халықаралық бағдарламасының «500 ғалым» жобасының грантын иеленіп, шет мемлекеттерде тағылымдамадан өтіп келген Жәңгір хан университетінің ғалымдары қатысты. Бұл туралы БҚАТУ медиа орталығы хабарлады.
Олар, Беларусь мемлекеттік аграрлық техникалық университетінде алты ай ғылыми тағылымдамадан өткен қауымдастырылған профессор, техника ғылымдарының кандидаты Төребек Байбатыров, АҚШ-тың Мериленд университетінде биылғы мамыр-тамыз айларында білімдерін толықтырған қауымдастырылған профессор, PhD докторы Лаура Душаева мен доцент м.а. Арайгүл Жұмаева және К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылық академиясында тағылымдамадан өткен ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент м.а. Мейрамгүл Мусина.
Алдымен сөз алған ғалым-ұстаз Төребек Әуелбайұлы өзі жоғары білім алған оқу орны, алғашқы еңбек жолы туралы баяндаса, өзге әріптестері де білім-ғылым жолындағы тәжірибелерімен бөлісті. Шараға қатысқан жастарды адал еңбек етуге, сапалы білім алуға, ғылыммен шұғылдануға шақырды.
«Біз де сіздер секілді студент болғанбыз. Кейіннен өзіміздің оқып жүрген мамандығымыздың қыр-сырын зерделеуге қызығушылығымыз туындап, ғылым жолына түстік» - деді жас ғалым Арайгүл Қажмұқанбетқызы.
Кездесу барысында қонақтар өздері ғылыми тағылымдамадан өткен шетел университеттерінің ерекшеліктері, алған тәжірибелерін университетімізде жүзеге асыру жолдары, білім алушылардың ғылыммен айналысу мүмкіндіктері туралы әңгімеледі.
Сонымен қатар білім алушылардың қойған сұрақтарына жауап берді.