Бүгін қаладағы «MERUERT GRAND HALL» мейрамханасында ел Президенті атынан жаңажылдық шырша өтті.
«Қош келдің, жаңа жыл!» атауымен ұйымдастырылған Президент шыршасына 9-13 жас аралығындағы жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, даму мүмкіндігі шектеулі балалар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары мен дарынды балалар санатынан 200 бала қатысты.
Кеш жүргізушілері бүлдіршіндерді би алаңына шақырып, оларға ерекше әсер, мерекелік көңіл-күй сыйлауға барынша тырысты. Балалар қоянмен қоштасып, ұлуды қарсы алды. Аяз ата мен Ақшақар балақайларды еркелете сөйлеп жатқан сәтте шырша шамдары жарқырай жанды.
Мерекелік кеш барысында облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы сөз алып, бүлдіршіндерді мерекемен құттықтады.
Ертегілердегі сүйікті кейіпкерлеріне ұқсап киінген балалар өңір басшысымен бірге шыршаны айнала билеп, ән шырқады.
Мемлекет басшысының атынан жаңажылдық шыршаға қатысушының әрбіріне 108 мың теңге көлемінде сыйлық берілді. Оның ішінде ақшалай сертификаттан бір балаға 90 000 мың теңге мен оқушыларға арналған энциклопедиялар, сөмке және тәттілерден жасалған сыйлық бар.
Сонымен қатар салтанатты шараға қатысушылар «Аманат» конфереция залына «Кім патша?» атты қазақша қойылым көруге, «Атамекен» өнер ордасына Мәскеу театрының «Дед мороз на каникулах» атты қойылымын тамашалауға барады.
Айта өтейік, балалардың жол жүруі мен мерекелік шара кезіндегі қауіпсіздігі облыстық білім, денсаулық сақтау басқармалары мен БҚО ішкі істер департаменті қызметкерлерінің тәулік бойы бақылауында болады.
«Жайық Пресс» ақпарат агенттігі
Фотоларды түсірген: Диас Закбаев,
Азамат Ұзақов