30.11.2017, 15:13
Оқылды: 55

Оралда домбырашылар флешмобы өтті

Орал қаласындағы «Asia Mall» сауда-сауық орталығында «Ұлы дала мұрагерлері» атты домбырашылар флешмобы өтті. Оны Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебі ұйымдастырды.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне орай бұл шараны еліміздегі барлық зияткерік мектептер бір уақытта өткізді. Оралдағы флешмобта аталмыш мектептің өнерпаз оқушыларынан құралған «Дарын» ұлт-аспаптар оркестрі Құрманғазының «Сарыарқа», «Адай», «Балбырауын» күйлерін орындаса, «Ғажайып» би ансамблі «Ыңғайтөк», «Мақтаншақ» билерімен көрермендердің көңілін көтерді. Сондай-ақ жекелеген оқушылар «Беу, айдай», «Бастау», «Сәлем, Қазақстан» ән-термелерімен келушілердің құлақ құрышын қандырды.

Шаһарымыздағы шырайлы шараға осы мектептің әлеуметтік серіктестері, өңіріміздегі арнаулы мектептердің тәрбиеленушілері арнайы қонақ ретінде қатысты. Зияткерлер жас достары үшін қыштан бұйым жасау, құммен, жіппен сурет салу өнері, қуыршақ театры бойынша шеберлік сабақтарын көрсетіп, «Болашақтың құсы», жіптік курс элементтері арқылы ойындар ұйымдастырды. Сонымен қатар фотосаят жасады.

Айта кетейік, аталған мереке қарсаңында зияткерлік мектепте тақырыптық дөңгелек үстелдер, кураторлық сағаттар, арнайы көрме, «Wiki Camp» эсселер акциясы, байқаулар, балалар ауылы мен балалар үйі тәрбиеленушілеріне және орта мектептерге арналған шеберлік сабақтары, деректі фильм көрсетілімі, кіші президенттік старттар және футбол турнирі өтті.

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале