«Jaiyq arena» спорт кешенінде дзюдодан 2008-2009 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды.
Суреттерді түсірген: Мейірбек Тажқұранов
Еліміздің барлық өңірі мен үш қаласынан келген 800-ден астам балғын дзюдошы үш күн бойы кім мықтыны анықтайды.
Өткен жыл соңында пайдалануға берілген жаңа спорт кешенінде жалауы желбіреген татами бәсекесінің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, ҚР дзюдо федерациясының атқарушы директоры Әйбек Имашев қатысты.
- Жайық жағасы еліміздің ең үздік жас дзюдошыларының басын қосты. Париж төрінде көк туымызды көкте желбіреткен Елдос Сметов, Пекин олимпиадасында күміс еншілеп, мерейімізді асырған Асхат Жеткеев секілді даңқты палуандарымыздың ізін жалғар жас дзюдо шеберлеріне деген сенім мол. Бабы мен бағы келіскен шын мықты жеңіске жетсін, - деді жарыстың ашылу салтанатында Бақытжан Нарымбетов.
Одан соң ҚР дзюдо федерациясының атқарушы директоры Әйбек Имашев сөз сөйлеп, жарыс ұйымдастырушыларына алғысын білдірді.
Сондай-ақ Әйбек Әсетұлы БҚО дзюдо федерациясының президенті Рустам Шайхиевті 2-ші дәрежелі «Дзюдо тарланы» орденімен марапаттады. Сонымен қатар аталмыш спорт түрінің дамуына өз үлесін қосқан Мирболат Нұржанов, Нұфтолла Түменов және Тілек Махметов сынды азаматтар ҚР дзюдо федерациясының алғысхаттарымен марапатталды.
Орал төрінде жайылған татами бәсекесін тамашалауға параолимпиада ойындарының чемпионы Ақмарал Науатбек келді. Париж қаласында намысты бермеген Ақмарал Науатбекке облыстық дзюдо федерациясы қаржылай сыйлық табыс етті.
Оралдағы ел чемпионаты қаңтардың 29-ы күні аяқталады.
Түгелбай Бисен
«Орал өңірі»