3.09.2024, 11:45
Оқылды: 182

Оралда электр желілері жаңартылып жатыр

«Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС инвестициялық бағдарлама аясында қосалқы стансаларды жөндеп, электр желілері мен бағаналарды жаңартып жатыр. Жуырда ұйымдастырылған пресс-турда БАҚ өкілдері осы атқарылып жатқан жұмыспен танысты.

35C83352-99AF-419D-B1D9-CB4F581D9047

– Биыл «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыру шеңберінде жалпы сомасы 874 млн теңгеге инвестициялық бағдарлама бекітілді. Оның 602 млн 312 мың теңгесі тарифтен түскен, яғни тұтынушылардан жиналған қаражат болса, 272 млн 041 мың теңгесі республикалық бюджет қаражаты есебінен толықтырылды. «Батыс Қазақстан АЭЖК» ЖШС-ның электр желілерінің тозу деңгейі – 80,67%. Қазір тарифтен түскен қаражаттың 253 млн теңгесі игерілді. Кәсіпорын қалған қаражатты биылғы желтоқсан айының соңына дейін игеруі қажет. Егер игермесе, келесі жылдың қорытындысында бұл ақшаны тарифті төмендету арқылы қайтадан тұтынушыларға қайтарып беруге міндетті. Жыл соңына дейін 15 шақты іс-шара атқарылуы керек. Бүгінгі күні төрт нысанда жұмыс жүргізілуде. Басты мақсат – желідегі апаттар мен шығындарды азайту, - деді пресс-турдың өтуіне мұрындық болған ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Гүлжаз Қазбекова.

A7E5FE48-9CA8-4879-B1AC-4FF9FDD37CFF

Оның айтуынша, аталған жұмыстар іске асқан жағдайда электр желілерінің тозу көрсеткіші бір пайызға төмендемек.

Мәселен, қаланың шығыс бөлігін электр жарығымен қамтитын 110-35-10 кВ «Омега» трансформаторлық қосалқы стансасында жерасты желілері жаңартылады. Орал қалалық электр желілерін тарату филиалы өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Анатолий Ларшиннің айтуынша, 1980 жылдардың басында пайдалануға берілген станса 2 000-нан астам абонентке қызмет көрсетеді.

Олардың қатарында облыстық психикалық денсаулық орталығы, теміржол ауруханасы, Самал-1, Самал-2, Самал-3 тұрғын үй кешендері мен «Мичурин» бау-бақша серіктестігінің тұрғындары бар.

D559BBD8-2012-4216-9C02-43CB9EE87E02

Орал қалалық электр торабы мекемесі бас инженерінің орынбасары Азамат Жұмабаевтың айтуынша, шаһардағы Ет комбинаты шағынауданындағы электр желілері 1960 жылдары тартылған. Бүгінде тозығы жеткен желілердің кесірінен тұрғындар жиі жарықсыз қалады. Биыл инвестициялық бағдарлама аясында осы жердегі 682-қосалқы стансаның әуе желілері күрделі жөнделуде.

Бұл аумақта 60 ағаш бағананың орнына темірбетон бағаналар орнатылады. Сонымен бірге ұзындығы бір шақырым әуе желісі ауыстырылады. АС сымдар өздігінен оқшауланған кабельдерге (СИП) алмастырылуда.

Инвестициялық бағдарлама қаражаты есебінен қосалқы стансалар да жөнделеді. Қаланың Солтүстік-шығыс ауданы мен Зашаған кентін электр қуатымен қамтитын стансалардың жабдықтары жаңартылмақ.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале