Орал қаласының №407 сайлау учаскесіне дауыс беруге келген «Жұлдыз шоу» ансамблі жұртшылыққа өз өнерлерін көрсетті. Ансамбль мүшелері учаскеге кіреберісте ән-биден шашу шашып, әдемі сахналық киімдерімен ерекше назар аудартты.
-Әр адам халыққа өзінің қолынан келетін іспен қызмет етуі тиіс. Біздің ұжым да бүгін құр дауыс беріп қана қоймай, учаскеге келген тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлауға тырысты. Ән шырқап, би биледік. Сайлау – үлкен саяси мереке. Қазақтың қай мерекесі ән-бисіз өтпеген. Сол себепті көпшілікке көтеріңкі көңіл сыйлауды ұйғардық, – деді ұжым жетекшісі Ляззат Көпешова.
«Жұлдыз шоудың» бастамасын «ALASH» этно-фольклорлық ансамблі қолдады.
№483 сайлау учаскесіне келген облысқа танымал ансамбль ұлттық аспаптарда шоқтығы биік шығармаларды орындап, сайлаушыларға рух берді.
Ансамбль жетекшісі Тимур Меңдіғалиевтің айтуынша, «ALASH» ансамблі 2019 жылы құрылған.
Оның құрамында шаңқобыз, үскірік, адырна, нар қобыз, мүйіз сырнай, жетіген, сыбызғы секілді көне аспаптарды меңгерген өнерпаздар бар.
-Біздің ансамбль 11 адамнан тұрады. Әрқайсымыз қаланың әр қиырында тұрамыз, әр учаскеден дауысымызды береміз. Соған қарамастан сахналық киімдерімізді киіп, аспаптарымызды асынып, бүгінгі саяси мерекенің мазмұнын арттырайық деп шештік. Әр адамның дауысы маңызды. Қазір осы №483 сайлау учаскісіне мен өз дауысымды беріп, шықтым. Құр дауыс беріп шықпай ансамблімізбен екі-үш ән шырқап, рухты күй ойнадық. Ұжым құрамындағы әр өкіл тіркелген учаскелеріне барып, өнерімізді көрсететін боламыз, - дейді ансамбль жетекшісі Тимур Меңдіғалиев.
Бабаларымыздың рухын ұлттық аспаптарымыздың сырлы сазы арқылы ерекше кәсіби шеберлікпен орындап жүрген ұжымға сайлаушылар тәнті болды. Саяси науғанға ерекше сән берген өнерпаздарға сайлаушылар алғыстарын білдірді.