Бүгін Орал қаласындағы А.Н.Островский атындағы орыс драма театры ғимаратының алаңында "Ақотау" қоғамдық бірлестігінің ұсынысымен облыс әкімдігі мен «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының қолдауымен «Еске алу» шамы» атты акциясы өтті.
Аталмыш акция сұрапыл соғыс жылдарында майдан даласында қаза тапқан сарбаздарды, өртеніп кеткен ауылдарды, есімдері тасқа қашалып жазылған жүрек жұтқан ерлерді еске алуға арналды.
Жиында «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев сөз сөйлеп, Ұлы Отан соғысының басталғанына 80 жыл толуына байланысты тарих беттерін қысқаша парақтап, біздің өңір бойынша ұрыс даласынан оралмаған боздақтарды еске алды.
– Соғыс қайғы-қасірет әкелмеген бірде-бір отбасы болмады. Бірінің әкесі, бірінің ағасы қаза тапты. Қазақстан 1942 жылдың жазында Сталинград шайқасының ең жақын тылына айналып, соғыс қимылдарына облысымыздағы Жәнібек, Сайқын, Шоңай теміржол станциялары мен елді мекендер кеңінен тартылды. Бүгінгі өткізіліп отырған осы акция арқылы жастарды халқымыздың ғаламат жеңісі туралы есте сақтауға, келешек ұрпақты тарихымызды тереңнен тануға, жеңіс салтанатын көре алмай кеткен боздақтардың ерлігіне тағзым етуге, тарихты құрметтеуге шақырамыз, - деді Мұрат Рахметұлы өз сөзінде.
Акция барысында «Ақотау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтынай Есқалиева, М.Мәметова мемориалдық музейінің меңгерушісі, өлкетанушы Ахмедияр Батырханов, Орал қалалық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, қалалық мәслихат депутаты Кенесары Нұрша майдан шебінде қаза тапқан сарбаздарды еске түсіріп, бүгінде өздері қайтыс болып кеткен майдангерлердің соғыс кезіндегі естеліктерімен бөлісті.
Бұл іс-шараның жастарды Отанымыздың тарихына деген патриоттық, елжандылық сезімдерін арттыру екендігін айтып, соғыста шейіт болғандардың рухына арнап шынайы көңілден шыққан лебіздерін жеткізді.
Театр алаңында көпшілікке танымал әнші Марк Бернестің қоңыр дауысымен орындауындағы авар ақыны Расул Гамзатовтың өлеңіне жазылған композитор Ян Френкельдің әйгілі «Журавли» әні шырқалып, жастардың көз алдына соғыс жылдарындағы өткен күннің көрінісін, бейнесін елестеткендей болды. Іс-шараға қатысушы жастар мен мектеп оқушылары қазақ-кеңес ақындарының соғыс тақырыбына арнаған өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Мұғалім Өтей,
zhaikpress.kz