Қостанайлық «Зерновая индустрия» агрохолдингі Қазталов ауданы Талдыапан ауылдық округі аумағынан маусымына бес мың ірі қараны бордақылауға есептелген алаң салатын болды.
Аталған жоба облыстық әкімдікте өңір басшысы Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен инвестиция тарту жөніндегі кеңестің кезекті отырысында мақұлданды.
– Биыл кеңестің бес отырысы өтіп, 40 миллиард теңгені құрайтын 12 жоба қаралды. Бүгінгі басқосуда біздің өңірден мал бордақылау алаңын салуға ниетті инвестордың жобасымен танысатын боламыз. Біздің өңір, негізінен, мал шаруашылығымен айналысатындықтан, бұл жоба облыс үшін өте тиімді болмақ. Ірі қара және ұсақ малдың еті мен ет өнімдерін экспорттау көлемі жыл сайын артып келеді. Бүгінде облыстағы «Кублей», «Жайық ет» секілді өндіруші кәсіпорындардың жұмысы жақсы жолға қойылды. Ендігі мәселе сол кәсіпорындарды қажетті шикізатпен қамту. Аталған жоба мал саны мен экспорт көлемін одан сайын арттыруға септігін тигізеді деп есептеймін, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.
Жоғарда аталған агрохолдинг жобасын біздің өңірде жүзеге асырушы «Мясная индустрия» ЖШС болып табылады. Мал бордақылау жобасының жай-жапсарымен агрохолдинг құрылтайшысы Әлжан Хабиев таныстырды.
– Қостанай облысындағы «Зерновая индустрия» агрохолдингінің меншігінде 100 мың гектар жер, 5500 бас асыл тұқымды Абердин ангус малының аналығы өсірілуде. Сондай-ақ бір маусымда 20 мың бас малды бордақылауға арналған кешен қалыпты жұмыс жасауда. Өзім осы облыстың тумасымын. Бұл өңірдің табиғи жағдайын жақсы білемін. Мүмкін Батыс Қазақстан облысының жерінің құнарлығы Солтүстік өңірлерге қарағанда төмендеу шығар. Бірақ бұл жердің мал бағуға қолайлы табиғаты, асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын шаруашылықтардың көптігі және облыс көлемінде үлкен агрохолдингтердің болмауы бізді қызықтырған еді. Сондықтан Қазталов ауданы аумағынан маусымына бес мың бас малды бордақылайтын кешен салуды жоспарладық. Биылғы жылдың мамыр айынан бастап аталған жердің аумағын, құнарлылығын, сумен қамтылуын жан-жақты тексердік. Жобаның жалпы құны 2,5 милиард теңге болса, соның 1 миллиарды құрылыс жұмыстарына жұмсалмақ. Ал есептелген қаражаттың 1,5 миллирад теңгесі айналым капиталына салынатын болады. Құрылыс жұмыстары келер жылдың сәуір айында басталып, қазан айында толығымен аяқталады деп күтілуде. Бордақылау кешенін салу кезінде 100 шақты адам жұмысқа тартылады. Кешен іске қосылған жағдайда 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Бордақылаудың бір кезеңі бес мың бас ірі қараны қамтитын болса, жылына екі айналымда 10 мың бас бордақыланатын болады. Ісіміз оңға басып жатса, болашақта бордақыланатын мал басының санын 20 мыңға жеткізу жоспарымызда бар. Семіртілген малдың орташа салмағы 550-600 киллограм, барлық малдың тірілей салмағы 5 тонна, ал еттей салмағы 2,5 тоннаны құрамақ. Арнайы орындарда сойылған сиыр еті жартылай төшке, төрт бөлікке және ұсақ бөлшектелетін түрлерімен экспортталатын болады. Агрохолдинг өндірілген өнімді осы уақытқа дейін Ресей мен Өзбекстан елдеріне экспорттап келген болса, болашақта ет және ет өнімдерін Қытай мен Иран нарығына да шығару жоспарда бар, – деді Әлжан Хабиев.
Агрохолдинг өкілінің айтуынша, жобаға сәйкес осы желтоқсан айында жерді рәсімдеу, құдықтар қазып, сумен қамту, суармалы жерлерді зерттеу жұмыстары жүргізілетін болады. Келер жылдың қаңтарында бордақылау алаңын жобалап, сәуір айында құрылыс жұмыстарын бастау, мал азығы дақылдарын себу, шілде-тамыз айларында мал азығын дайындау, қазан айында бордақылауға қойылатын малдарды қабылдап, қараша айында бордақылау жұмысын бастау жоспарланған.
Бордақылауға қойылатын мал осы өңірдегі қожалықтардан қабылданатын болады. Кешенге туылғанына 7-15 ай толған, салмағы 200-300 килограмды құрайтын малдар қабылданбақ.
Жобамен жан-жақты танысқан инвестиция тарту жөніндегі кеңес мүшелері аталған агрохолдингтің бастамасын бірауыздан қолдап, жұмысына сәттілік тіледі.
Нұрбек ОРАЗАЕВ,
суреттерді түсірген Александр КУПРИЕНКО
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер