Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде Білім берудегі инновациялар және аралас оқыту орталығы ашылды. Жоғары білім беру үрдісін цифрландыру мәселелері «Зерттеулердегі инновациялар: цифрлық шешімдер мен заманауи әдістер» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде талқыланды.
Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің ғалымдары биыл Жоғары білім және ғылым министрлігінің грантын жеңіп алған болатын. Ғылыми жоба аясында кең ауқымды зерттеулер жүргізіліп жатыр. Білім берудегі инновациялар және аралас оқыту орталығының ашылуы – бұл бағыттағы жұмыстың бастамасы ғана.
Ғылыми жоба жетекшісі, педагогика ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Светлана Бахишеваның айтуынша, қазір ғалымдар болашақ мамандар даярлауда түрлі сандық ресурстар, бейнеконтенттер, геймификациялар, интерактивтік құралдарды енгізу үшін жұмыстанып жатыр.
Малайзияның Куала-Лумпур қаласынан машиналық оқыту бойынша аға инженер Мағжан Қайранбай жиынға бейнебайланыс арқылы қосылып, ғылыми мақалалар жазу технологиялары тақырыбында шеберлік сағатын өткізді. Оқытушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, малайзиялық университеттердің тәжірибесіне қанықты.
Ph,D докторы Екатерина Тихонюк жасанды интеллектің білім беру саласында пайдасы шаш етектен екенін айтады. Дамыған елдер университеттерінде оқытушылар да, студенттер де цифрлық ресурстарды кеңінен қолданады. Жас ғалым бұған Америка Құрама штаттарында біліктілік арттырған кезде көз жеткізген.
- Оқу үрдісіне жасанды интеллект енгізу – заман талабы. Өйткені қазір қашықтан немесе аралас үлгіде оқитын студенттер өте көп. Әлемнің кез келген нүктесінде, кез келген сағат белдеуінде қолдануға болатын контент жасақтау қажеттілігі туындап отыр. Қазір тек студенттер ғана емес, оқытушылар да біліктілік арттыруға, тәжірибе алмасуға, семинар-конференцияларға қатысуға шет мемлекеттерге жиі барады. Сондықтан, оқу үрдісі ақсамау үшін цифрлық құралдарды енгізудің маңызы орасан зор, - дейді Екатерина Тихонюк.
Жайнар Жұмабек