Орал қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «ӘДІЛЕТТІ, ТАЗА және ҚАУІПСІЗ Қазақстан» тақырыбында «Jasrepublic» пікірсайыс турнирінің облыстық кезеңі өтті. Бұл туралы Орал қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталмыш шара «Respublica» партиясы қоғамдық бірлестігінің қолдауымен, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы және «Ozgerteam» Қоғамдық қорының ұйымдастыруымен іске асты.
Ашылу салтанатына Орал NIS директоры Айдарбек Айтпукешев, «Respublica» БҚО филиалы Төрағасының орынбасары Алиби Сүндетов сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
27 қала мектебінен келген 30 команда өзара ойларын ортаға салып, сөздерін сараптады.
Ұшқыр ойлы оқушыларды анықтау, отансүйгіштікке тәрбиелеу, жас буынның жаңашыл ұсыныстарына ерік беріп, идеяларын қалыптастыру мақсатындағы турнир екі тілде (қазақ және орыс) өткізілді.
Пікірталас сайысында жекеменшік мектептер, қоғамдық оптимизмді арттыру шаралары, ChatGPT сияқты нейрожүйелердің пайдасы мен зияны, өмір сүруге ең қолайлы қала т.б. тақырыптар талқыланды.
Турнир нәтижесі бойынша қазақ лигасынан 1-орынды «Интеллект» командасы (Оқушылар сарайы), 2-орынды «Мұз» командасы (Орал қаласы НЗМ) иеленсе, 3-орындарды Ақ ниет» (№42 «Ақ ниет» мектеп-гимназиясы) және «V.I.P» командасы ( №49 ЖОББМ) еншіледі. Ал орыс лигасынан 1 орынға «Юные депутаты» (Көшім ЖОББМ), 2 орынға «ДНК» (№34 мектеп-гимназиясы) лайық деп танылса, «Лига» (№9 ЖОББМ) және «Олимп» (№35 мектеп-лицейі) командалары 3 орынды бөлісті.
Сонымен қоса, «Үздік спикер» мен «Үздік төрешілер анықталды.
Сайысқа оза шапқан жүлдегерлерді «Respublica» БҚО филиалының Төрағасы Дулат Мақатов марапаттады. Айта кетейік, жеңімпаз команда республикалық кезеңге жолдама алды.