Орал қаласындағы Салтанат сарайында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Болашақ» Қауымдастығының ұйымдастыруымен дәстүрлі «Жыл үздігі - 2016» Батыс Қазақстан облысы жастарының сыйлығы» байқауы өтті. Оған өңір басшысы Алтай Көлгінов арнайы қатысып, қатысушы жастарға сəттілік тіледі.
Одан бөлек жиынға мемлекеттік орган басшылары, "Болашақ" халықаралық бағдарламасының түлектері, ҮЕҰ өкілдері, жастар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Байқаудың басты мақсаты - облыс және республика көлемінде қоғамдық өмірге араласып, жастар саясатының жүзеге асуына өзіндік үлес қосып жүрген, сондай-ақ өзінің қызмет саласында кәсіби шеберлігімен ерекшеленген жас буын өкілдеріне қолдау көрсетіп, оларды марапаттау.
Биыл тоғызыншы рет өтіп отырған "Жыл үздігі" байқауына 15 аталым бойынша жастар сыйлығы ұсынылды.
Атап айтсақ, «Үздік жастар ұйымы» "Жасыл ел" жастар еңбек жасағына, «Үздік жас көшбасшы» Нұрғали Жолдасқалиевке,
«Үздік студент» Əлихан Баймұхамбетовке, «Үздік жас ұстаз» Бақытгүл Əбдіроваға, «Үздік жас ғалым» Рухан Құлбаевқа, «Үздік жас өнерпаз» Аслан Тілеуғалиевке, «Үздік жас дәрігер» Тимур Еспентаевқа, «Үздік жас спортшы» Абзал Ажығалиевке, «Үздік жас тілші» Жандос Хамзаға, «Үздік жас маман» Денис Комаровқа, «Үздік мектеп көшбасшысы» Бақдəулет Закировке, «Үздік бизнес –жоба» Гельман Бекталиевке бұйырды.
Ал «Қайсарлығы мен батылдылығы үшін» аталымын полиция капитаны "Ерлігі үшін" медалінің иегері Аслан Айтмұханов пен аға сержант, "Ерлігі үшін" медалінің иегері Ардақ Ибрашевке табыс етті. Ал "Аяла" қайырымдылық дүкені «Мейірім» аталымымен марапатталды.
Кеш соңында облыс əкімі Алтай Сейдірұлы биылғы жылдың «Жыл жаңалығын» аталымын Рио олимпиадасының қола жүлдегері Екатерина Ларионоваға өзі табыстады.
Барлық жеңімпаздар мен номинанттар бағалы сыйлықтармен, облыс əкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Лəззат Шағатай
www.zhaikpress.kz