Қазақ халқының біртуар перзенті, белгілі ақын, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлидің туғанына 90 жыл толуына орай Орал қалалық кітапханалар жүйесі жыл бойына жалғасқан ауқымды шараларды «Қадыр апталығымен» қорытындылады.

Жыл басында ақынға арналған «Қадыр залының» ашылуымен басталған насихат жұмысы осы апталық барысында айрықша қарқын алып, ақын шығармашылығын әр қырынан танытты.
Апталықтың басты мақсаты — ақынның бай мұрасын оқырмандарға, әсіресе жас буынға тереңірек жеткізу және жыл бойы атқарылған жұмыстарды қорытындылау болды. «Қадыр апталығы» аясында бірнеше мазмұнды шаралар өтті. Апталықтың алғашқы күні Қадыр Мырза Әлидің «Ғибратнама» кітабына арналған «Ғибратнама» – өмір сабағы» атты әдеби сағатпен басталды. Бұл кітап Қадыр Мырза Әлидің тек ақын емес, сонымен бірге терең ойшыл, данагөй тұлға екенін көрсететін ерекше прозалық шығарма. Шарада ақынның даналыққа толы ой-тұжырымдары кеңінен талқыланып, оқырмандар өмірлік құндылықтарды тануға, сын тұрғысынан ойлауға талпынды.
Көрнекті шараның бірі — «Сөз өнерінің сардары» портреттік кеші Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында өтті. Бұл кездесуде ақынның жеке тұлғасы мен шығармашылық шеберлігі туралы айтылып, өлеңдері оқылды, әндері шырқалды.

Кішкентай оқырмандар үшін «Қадыр – балалар ақыны» атты балаларға арналған әдеби кеш ұйымдастырылды. Балалар мен жасөспірімдер кітапханасында өткен бұл шарада балғындар Қадыр Мырза Әлидің балаларға арналған өлеңдерін оқып, ақынның әдеби әлеміне саяхат жасады.
Сонымен қатар, қазыналы қаламгердің шығармашылығын талдауға арналған «Қадыр тағылымы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. №6 кітапхана-филиалында өткен бұл кездесуде ақынның «Жазмыш» және «Иірім» кітаптарына терең талдау жасалып, оның әдеби құндылығы айқындалды.
Апталықтың соңғы шарасы – «Мәңгілік жырдың иесі» атты поэзия кеші болды. №16 кітапхана-филиалында өткен бұл кеш ақынның лирикалық және философиялық жырларын насихаттап, апталыққа әдемі нүкте қойды. Әрбір шарада оқырман қауымға жазушының бай шығармашылық мұрасын паш ететін «Қадыр қазынасы — халық мұрасы» тақырыбында арнайы ауқымды кітап көрмесі ұсынылды.

Апталық аясындағы әрбір шара ақынның шығармашылық жолын, өмірлік ұстанымын және қазақ әдебиетіне қосқан өлшеусіз үлесін паш етті. Кітапханалар жүйесінің жыл бойы жүргізген осындай жүйелі жұмысы Қадыр Мырза Әлидің атын ұлықтап қана қоймай, жаңа оқырмандарды оның мәңгілік жырларымен табыстырды. «Қадыр апталығы» оқырман руханияты үшін маңызы зор оқиға болды. Бұл шаралар ұлы ақынның рухына тағзым етіп, оның мұрасының мәңгілік екенін тағы бір дәлелдеді.
Гүлнұр Алғазы
Орал қалалық кітапханасы
Жұртшылықпен байланыс бөлімінің меңгерушісі
