Тағы бір жылдағыдан ерекше жаңалық Оралда Қала күні мерекелік отшашу болмайды.
-Отшашуға қарастырылатын арнайы қаржы биыл Зашаған кентіндегі кітапхананы қайта жөндеуге берілді. Жалпы Қала күнін атап өтуге жергілікті бюджеттен 9 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді. Көптеген шара демеушілердің қаржысымен өтпек. Жергілігікті кәсіпкерлер қаржылай қолдау білдіруде, -деді қала әкімінің орынбасары
Бақытжан Нарымбетов БҚО өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында.
Қыркүйектің 4-15 аралығында облыстық мәдениет басқармасының бастамасымен «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында «Ақжайық» этно ауылы жұмысын бастайды.
Қала қонақтарына ұлтымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын дәріптейтін этно ауылға облыстағы он екі аудан делегациясы қатысады. ҚР-ның Тұңғыш Президенті атындағы алаңда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, дәстүр ұлықталмақ.
Тағы бір айта кетерлігі, биыл бірінші рет 4-5 қыркүйек күндері облыстық «Жайықтың би әлемі» атты би фестивалі өтеді.
Қала әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтың айтуынша, 6 қыркүйек күні Зашаған кентіндегі №5 кітапхана жаңартудан кейін қайта ашылады. Жаңа кейіпке еніп, коворкинг орталық форматында ашылғалы тұрған кітапхана замануи жиһаздармен жабдықталмақ. Дәл осы күні «X-FITNESS» фитнес орталығы, қалалық І «Ұлттық мектеп лигасының» ашылуы өтеді. Мектеп лигасына қаладағы барлық мектептен 9-11 сынып оқушылары қатысып, бір жыл бойы спорттың алты түрінен жарысқа түседі. Өткен жылы футболдан жүлдегер атанғандар арасында супер кубок ойнатылады.
Мерекелік шаралар аясында ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі, «Сапалы өнім - 2019» көрмесі, гүлдер фестивалі, фотокөрме ұйымдастырылып, жергілікті суретшілер шеберлік сағатын өткізеді.
Ал П.Атоян атындағы стадионда театрландырылған қойылым көрсетіліп, қазақ эстрада жұлдыздары мерекелік концерт ұсынады.
Динара Насыр,
«Жайық Пресс» ақпарат агенттігінің тілшісі
cурет ғаламтордан алынды
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер