Бүгін Орал қалалық мәслихатының №11,16, 23 бірмандаттық сайлау округтері бойынша шығып қалған мәслихат депутаттарының сайлауы өтуде, деп хабарлайды Орал қалалық аумақтық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, сайлау 149 мүшеден тұратын 19 учаскелік сайлау комиссиясында өткізілуде. Саяси науқанға 33 730 қала тұрғыны қатысып, өз таңдауларын жасамақ. Сайлау өтетін әр округке үміткер ретінде үш үштен тоғыз кандидат тіркелген.

Осы кезге дейін аталған округтерде тұратын сайлаушыларға шақыру билеттері таратылып, халықты ақпараттандыру мақсатында плакаттар мен хабарламалар ілінген болатын. Сайлауға бірінші болып келген, отбасымен келген, тұңғыш дауыс беруші мен егде жастағы сайлаушыға, таңтау жасауға келген әрбір 50, 100, 200-ші сайлаушыға естелік сыйлықтар берілмек.

Сайлау учаскелеріндегі жағдайды «AMANAT» партиясының, «Жария» тәуелсіз байқаушыларының Батыс Қазақстан қозғалысы» ЖҚБ және «Ақ Жол» Қазақстанның демократиялық партиясының өкілдері, кандидаттардың сенім білдірген адамдары өз бақылауында ұстауда.