31.03.2026, 10:30
Оқылды: 19

Оралда қаланы көгалдандыруға арналған ғылыми ұсынымдар таныстырылып, оқыту семинары өтті

Орал қаласында қалалық аумақтарды көгалдандырудың заманауи тәсілдеріне арналған білім беру іс-шарасы өтті. Шараға көгалдандыру үдерістеріне қатысатын мамандар, питомниктер өкілдері, жобалау және мердігерлік ұйымдар, сондай-ақ көгалдандыру компаниялары қатысты.

_gluster_2026_3_31_af772372fcad5dd6a7b6f5750c5aaf9b_1280x720

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты Ботаника және фитоинтродукция институты мамандары Орал қаласын көгалдандыруға ұсынылатын ағаш-бұталы өсімдіктердің ғылыми негізделген ассортименті каталогтарын таныстырды. Каталогтар Институт жүргізген ғылыми зерттеулер мен өсімдіктерді көпжылдық интродукциялық сынақтардың нәтижелері негізінде әзірленген.

Семинар Chevron компаниясымен серіктестікте жүзеге асырылып жатқан GREEN SCIENCE KZ – «Ғылыми негізделген көгалдандыру табиғи шешімдердің негізі ретінде» жобасы аясында өтті. Жоба білім беру және экологиялық ағартушылық сипатқа ие болып, ғылыми негізделген көгалдандыру қағидаттарын таратуға және өсімдік ресурстарын орнықты пайдалануға бағытталған.

Кездесу барысында Институт мамандары Батыс Қазақстанның аридті климаты жағдайында жасыл желектерді құру, орналастыру және күтіп-ұстау бойынша нақты ұсынымдарын ұсынды. Әзірленген материалдар өңірдің табиғи-климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, өсімдіктердің топырақтың тұздануына, ылғал тапшылығына және антропогендік жүктемеге төзімділігіне басымдық берді. Ұсынымдар уәкілетті мемлекеттік органдардың, жобалау және мердігерлік ұйымдардың практикалық қолдануына арналды.

Жоба аясындағы білім беру іс-шаралары Алматы, Атырау қалаларында, сондай-ақ Ұлытау облысы аумағында өткізілді. Қорытынды іс-шараны 2026 жылдың қыркүйегінде Астана қаласында өткізу жоспарланғаны айтылды.

Оралдағы шараны Орал ботаникалық бағы қоғамдық қоры қолдады. Қор директоры Қайрат Буранбаевич Каримов: «Ғылымға сүйене отырып, біз тек қалаларды ғана емес, бүкіл елді де баққа айналдыра аламыз», – деп атап өтті.

_gluster_2026_3_31_040f5876810f4bfe95a0d7ea94a9e969_1280x720

Ботаника және фитоинтродукция институты бас директоры Гүлнара Токбергенқызы Ситпаева өз сөзінде: «Қалаларды тиімді көгалдандыру үшін ботаник-интродуктор мамандардың өсімдіктерді көпжылдық интродукциялық сынақтар барысында жинақталған тәжірибесі мен ғылыми әзірлемелерін пайдалану маңызды. GREEN SCIENCE KZ жобасының арқасында Институттың жинақталған тәжірибесін таныстырып, бұл білімді қалаларды көгалдандыруға қатысатын барлық мамандарға жеткізуге мүмкіндік туды», – деп атап өтті.

Іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, көгалдандыру және абаттандыру саласының мамандары, жобалау ұйымдары, БАҚ өкілдері және жұртшылық қатысты.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале