12.07.2024, 11:02
Оқылды: 420

Оралда кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін «Ашық есік» күні өтті

Жуырда «Атамекен» өнер ордасында облыс прокуратурасы мен Орал қаласының прокуратурасы өңір кәсіпкерлері мен инвесторлары үшін «Ашық есік» күнін өткізді. Оған уәкілетті құрылым  басшылары мен мамандары да қатысты.

48B0F123-8382-4654-8CDD-6C1D100D68A4

«Ашық есік» күні  биылдыққа алғаш рет өткізіліп отыр. Мұндай игі іс-шара әр ауданда ұйымдастырылуда. Мамандардың айтуынша, бизнес өкілдері құқық құрылымдарына көбінесе жер мәселесіне, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында кездесетін әкімшілік кедергілерге қатысты сұрақтармен жүгінеді екен. «Бизнесті дамыту,  инвестициялық жобаларға қолдау көрсету – ел Президентінің басты назарында. Бүгінгі іс-шараның мақсаты – өңірдегі кәсіпкерлер мен инвесторларды толғандырған мәселелерді анықтау, түйткілдерді уәкілетті құрылымдармен бірлесе отырып шешу», – деп атап өтті облыс прокурорының орынбасары  Азамат  Құстанов.

«Батыс Қазақстан автобус паркі» ЖШС құрылтайшысы Марат Абдрахманов бұл жерге Орал қаласындағы жолаушы тасымалымен айналысатын 6 кәсіпорынның атынан келіпті. Соңғы үш жылдың ішінде бұл кәсіпорындар 350 аутобос сатып алған. Олар күн сайын 180 000 тұрғын, жылына 55 млн жолаушы тасымалдайды. Бір аутобостың жұмысқа шықпай қалғанының өзі жолаушыларға айтарлықтай қиындық тудырады дейді.

DB1E8A75-C3B9-4571-A404-5055AF00E43C

«Бүгінде аутобос парктеріне берілетін субсидия жетіспейді. Жарты жылдың ішінде аутобос парктері 4 млрд теңге жұмсады. Заңға сәйкес, құзырлы мекеме субсидияны уақтылы төлеуі керек. Бірақ  қаражат дер кезінде берілмей  отыр. Солай бола тұра, аутобос парктері жұмысты тоқтатқан емес. Жылына тек 5,2 млрд теңге бөлінді. Бірақ бұл ақша аз. Кемдегенде 8 млрд теңге керек. Ақтауда, Ақтөбеде және Атырауда субсидия толық бөлінеді. Ал біздің облыста 60 пайызы ғана бөлініп, қалған 40 пайызы уақытында төленбейді. Облыс прокурорының орынбасары Азамат Құстановқа жолықтым. Ол мәселенің мән-жайын анықтап, қарастыратындарын айтты», – деді Марат Мәулетжанұлы.

7797989C-8EE5-4FDC-BDC0-910EC79B6A4A

«Ашық есік» күніне келгендердің арасында «Исаев Х. Х.» ЖК директорының орынбасары Ерлан Кенжетаев та бар. «Былтыр желтоқсаннан бастап Орал – Тасқала – РФ шекарасы (Саратов) жолы ақылы болды. «Исаев Х. Х.» ЖК («Хлебзавод №1») күн сайын Орал қаласынан Тасқала ауданындағы әлеуметтік нысандарға 4000 данадай нан тасымалдайды. 190 теңгенің наны 90 теңгеден сатылды. Әлеуметтік нысандарға қызмет көрсететіндіктен,  ақылы жолмен жүруге қандай да бір жеңілдіктің бар-жоғын сұрадым. Қала прокуроры мәселені талқылап, бір шешімін айтатын болды», – деді  кәсіпорын  өкілі.

Прокуратура қызметкерлері бизнес өкілдеріне құқықтары бұзылса немесе құқықбұзушылықтың куәсі болса, 50-79-95 немесе +7707 374 98 56 нөмірлеріне хабарласулары қажет  екенін  айтты.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале