11.10.2019, 11:03
Оқылды: 99

Оралда кәсіподақ күні аталып өтті

Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында 10 қазан – Қазақстан кәсіподақтары күніне арналған мерекелік шара өтті.

profsoiuz

Соңғы жылдары елімізде кәсіподақтар ұйымдарының қызметін жандандыру бағытында нақты іс-шаралар қолға алынуда. Кәсіподақ ұйымдарының белсенді төрағалары мен мүшелерінің мерейін асырған  айтулы шараны орталық директоры Бауыржан Халиолла мерекелік лебізімен ашты.

- Күнделікті өмірде көзімізге көп түспейтін, елене бермейтін мекеме мен қоғамдық ұйымдар да баршылық. Соларды бірі – кәсіподақ ұйымы. Біз көбіне кәсіподақты басымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда, шипажайға жолдама беретін немесе мереке-мейрамда сый-сыяпат үлестіретін ұйым деп қана қабылдаймыз. Жоқ, олай болмауға тиіс. Кәсіподақ жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы алтын көпір іспеттес болу керек. Яғни жұмысшының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, қажет болса, жапа шеккен қызметшінің сөзін сөйлеп, «Аяз би, әліңді біл» деп тезге салып отыратын беделге ие болуы тиіс. Ақырындап біз осынадай беделді ұйым боламыз. Өйткені заман талабы сондай, - деді Бауыржан Ергенұлы.

 Сондай-ақ Бауыржан Ергенұлы Қадыр орталығы жыл сайын «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағымен» бірлесіп, осындай кеш ұйымдастырып келе жатқанын айтып өтті. Алдағы уақытта мұндай әдемі кештерді өткізу өзге де мекемелерге жұғысты болуын тілеп, келесі эстафетаны облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатовқа табыстады. Сонымен қатар БҚО кәсіподақтар орталығының төрағасы Айгүл Есекенова, облыстық ауылшаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Бауыржан Атауов, облыстық денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің кәсіподақ төрағасы Махамбет Құсайынов бастаған облыстағы кәсіподақ ұйымдарының төрағаларына алғыс хаттар табыс етті. Сөз алған Айгүл Есекенова шараның өтуіне мұрындық болған өнер орталығының ұжымына алғысын білдірді. Оның сөзінше, БҚО кәсіподақ орталығында 15 салалық және жергілікті (локальдық) кәсіподақ ұйымы бар. Олардың қатарында 70 мыңнан астам мүшесі бар мыңға жуық бастауыш ұйымы қызмет етуде. Ал еліміздегі кәсіподақтар федерациясының қатарында екі миллионнан астам адам бар екен.

Мінберге көтерілген «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің БҚО бойынша филиалының төрағасы Айдар Батырханов та кәсіби мерекемен құттықтады.

- Кәсіподақ  - бүйірді таянып, столды ұрып, қатты сөйлейтін биліктің иесі емес. Ол қоғамдық жұмыс, тұрақтылықтың кепілі. Келіспегенді келістіретін, үйлеспегенді үйлестіретін, мәдениеттің үлгісі болу керек. Бетегеден биік, жусаннан аласа жағдайда жұмыс жүргізетін кәсіподақ ұйымының қызметінде «арба да сынбау керек, өгіз де өлмеуі тиіс». Кәсіподақ ұйымдарының жұмысына табыс тілеймін, - деді.

Айдар Тапашұлы Қазақстанның құрметті журналисі, «Жайық Пресс» ЖШС медиахолдингінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Есенжол Қыстаубаевты, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Әскербек Нұрмұхановты, Сырым ауданы Қособа ауылдық клубының директоры Марат Халиуллинді және басқа да кәсіподақ ұйымдарының белсенділерін салалық кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапаттады. Ал №3 облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлбану Баекесова кәсіптік одақ пен Мәдениет және спорт министрлігінің біріккен Құрмет грамотасына ие болса, облыстық мәдениет және өнер орталының директоры Бауыржан Халиолла бастаған бірнеше бастауыш кәсіподақ ұйымның төрағасы «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің БҚО бойынша филиалының алғыс хатымен марапатталды.

Салтанатты шараға жиналған қонақтарға мәдениет және өнер орталығының өнераздары әннен шашу шашып, мереке көрігін қыздырды.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале