14.04.2025, 18:00
Оқылды: 255

Оралда қазақ күресінен ел чемпионаты өтеді

«Jaiyq Arena» спорт кешенінің мәжіліс залында сәуірдің  14–16  аралығында Орал қаласында қазақ күресінен өтетін жасөспірімдер және жастар арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатына арналған баспасөз мәслихаты өтті.

6f36f5ad-af0f-4dd7-9777-64f7558a119d

Өңірде ұйымдастырылған қазақ күресі додасының өту барысы, оған келген аймақтар мен қазақ күресінің дамуы жайында сөз болған басқосуға ҚР Қазақ күресі Ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосынов,  БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов, БҚО Қазақ күресі Ассоциациясының президенті Әсет Сұлтанұлы және қазақ күресінен жастар құрамасының аға бапкері Ілияс Измагилов қатысты.

Бұл дүбірлі дода — ұлттық спорттың дамуындағы маңызды іс-шаралардың бірі.  Өңір палуандары арасынан бірнеше чемпион шығып жатса, Әлем немесе Азия чемпионатын өткізуді мойнымызға аламыз, - деді Бақдәулет Сәбитов.

Мәслихат барысында Оралға 500-ге жуық палуан келгенін атап өткен Дамир Бекбосынов құрлықтық немесе Әлем чемпионатын Жайық жағасында өткізуге қарсы еместігін атап өтті.

- Оралдағы дода Түркістан қаласында Қажымұқан бабамыздың рухына арналған Әлем кубогі жарысы өтеді. Осы біріншілікте үздік болғандар сол жарысқа қатысуға мүмкіндік алады, - деді Дамир Бекбосынов.

Сондай-ақ ҚР Қазақ күресі Ассоциациясының президенті қазақ күресін одан әрі дамыту мәселесі күн тәртібінен түспейтінін айтты.

- Алдағы ең бірінші мақсат ұлттық күресті Азия ойындарының бағдарламасына енгізу. Соңғы Әлем чемпионаты Үндістанда өтті. Ол да бір жетістік. Ұлттық спорт түрлерін дамыту концепциясы қолға алынды, сол бағыттағы жұмыстар жалғаса береді, - деді Дамир Бекбосынов.

- Қазақ күресі спорт қана емес, еліміздің келбеті. Бұл чемпионат қазақтың күрес өнерін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Қазақ күресін тек спорт емес, ұлттық идеологиялық құрал деп те білген абзал. Күрестің кез-келген түрі тәрбие құралы. Біздің мақсат ұлт күресін бұқаралық сипатқа ғана емес, кәсіби спорт ретінде де дамытуға күш салу, - деді Әсет Сұлтанұлы.

a24a7925-7d18-48bb-8631-452ca728a854
Баспасөз мәслихатында қазақ күресін дамыту, спортшылардың жағдайын жақсарту, әлемдік деңгейге көтеру мәселесі төңірегінде кеңінен мағлұмат берілді.

Жиында Бақдәулет Маратұлы спорттың олимпиадалық емес түрлерін қысқартып, одан үнемделген қаражатты ұлттық спорт түрлерін жанына серік еткен спортшыларға бөлгенін атап өтті. Сонымен қатар қазақ күресі палуандарын өңірдегі жоғары оқу орындарына түсіру жайы да қарастырылғанын атап өтті.

Мәслихат барысында қазақ күресі бапкерлерінің жетіспеушілігін шешу, ұлт күресіне балаларды дайындап жүрген бапкердің жалақысын көбейту мәселесі де сөз болды. Сонымен қатар төрешілердің біліктідігі жайында да мәселе көтерілді. Оған жауап берген Дамир Бекбосынов ел чемпионатына төрелік ететін азаматтар арнайы тексерістен өткізілетінін айтты.

- Төрешілік кез-келген азаматқа тапсырылмайды. Жұмысын жаңа бастаған төрешілер финалдық белдесулерге жіберілмейді. Оралдағы жарысқа тәжірибелі мамандар келді. Осындай жарыстар көп өтсе, төрешілердің біліктілігі де артады, - деді Дамир Бекбосынов.

Орал қаласындағы доданы көрмек үшін Кувейт елінен арнайы келген журналист Мұхит «Қазақ күресін араб жерінде дамыту жайы қарастырыла ма?» - деген сауалын жолдады. Оған ҚР Қазақ күресі Ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосынов жауап беріп, өз сөзінде:

- Араб елдерінде қазақ күресі федерациялары жоқ. Біздің күреске қызығушылық танытқан ел палуандарын қолдауға дайынбыз. Қазақ күресінде палуанның әуреті жабық болады. Қыздарға да орамал тағып белдесуге кедергі жоқ. Қазіргі таңда біздің күрес біраз елде ресми түрде спорт реестріне кіргізілді. Әзірбайжанда қазақ күресінен спорт шебері атағы беріледі. 40-тан астам федерация тіркелді. Біздің күрес даму жолында, - деді Дамир Бекбосынов.

Түгелбай Бисен

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале