Бүгін Достық үйінің алдында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Ағаш отырғызу» акциясы өтті. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен шараға БҚО ҚХА төрағасы, облыс әкімі Ғали Есқалиев, әкім орынбасары Бақытжан Нарымбетов, облыстық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы мен еріктілер қозғалысының белсенділері қатысты.
Атаулы акция аясында Ассамблея тарапынан ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып, 30 ағаш көшеті отырғызылды. Бұл бастамаға Ассамблея мүшелері қолдау көрсетті. Алдағы уақытта облыстық Ассамблея қоршаған ортаның жақсаруына үлес қосып, шаһар шырайын әрлендіру акцияларын жалғастыратын болады.
– «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі бар ел озады» деп аталарымыз тегін айтпаған. Бүгін Қазақстан халқының бірлігі күніне орай, өңір тұрғындары әр жерде игі істің бастамасын көрсетуде. Жақында Елбасы Ассамблея сьезінде еліміздегі тұрақтылық туралы жақсы айтты. Сондықтан да осы тұрақтылық деген ұғымды нығайтатын, қолдайтын, сақтайтын іс-жобаларды көбірек ұйымдастыруымыз қажет. Елдегі татулық пен тұрақтылықтың нәтижесінде ғана біз өркендеген табысты елге айналамыз. Өңіріміздегі барлық ұлт пен ұлысты бүгінгі мерекемен құттықтаймын, - деді өңір басшысы.
Бұдан кейін «30 игі іс» атты республикалық марафон аясында БҚО ҚХА этномәдени бірлестіктері мен құрылымдық бөлімшелерінің, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы мен еріктілерінің қатысуымен «Қайырымдылық керуені» жалғасын тапты.
ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «30 игі іс» атты республикалық марафоны аясында, Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының жомарт азаматтары 50 мұқтаж отбасыға бірінші кезекте қажет болатын азық-түлік себеттерін үлестірді. Әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға шынайы қамқорлық көрсетуді мақсат еткен Ассамблея мүшелері пандемия басталғаннан бері аянбай көмек көрсетіп келеді.
Бірлік күні мерекесі қарсаңында табыс-кірісі аз отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға 348 мың 750 теңгеге әлеуметтік көмек көрсетілді.
Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz