19.12.2024, 10:00
Оқылды: 235

Оралда Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері және жас ақындардың қатысуымен жиын өтті

Оралда Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы өкілі Бауыржан Ғұбайдуллиннің ұйымдастыруымен одақ мүшелері мен жас ақындардың басын қосқан жиналыс өтті. Бұл кездесуге ҚЖО мүшелері Қазыбек Қабжанов, Ғайсағали Сейтақ, Аманкелді Шахин, Талап Таймасұлы, Мұнайдар Балмолда, Мәрлен Ғилымхан және жас ақындар Нұрым Ғұмар мен Ерқанат Бағдатұлы қатысты.

3e8c8973-a813-4d0b-8526-00de84549828

Жиында өткен жылдың жетістіктері мен алдағы жоспарлар талқыланды. Биыл мерейтойлық жасқа толған бірқатар қаламгердің, соның ішінде Дариға Мұштанова, Дариға Нұрашева және Мұнайдар Балмолданың шығармашылық кештері ұйымдастырылды. Бұл шараларға облыстық әкімдік пен облыстық қоғамдық даму басқармасы қолдау білдіріп, қаламгерлерге қаржылай көмек көрсеткен. Сондай-ақ республикалық «Қазақ әдебиеті» газетіне мемтапсырыс арқылы батысқазақстандық қаламгерлердің мақалалары жарық көрді. Бұл жұмыс биыл да жалғасады деп күтілуде.

Алдағы жоспарлар да аз емес. Келер жылы ҚР Мәдениет қайраткері, ақын Рашид Шақудың 60 жылдық мерейтойына орай бірқатар шара ұйымдастыру жоспарланып отыр. Осы мақсатта Казталов ауданы әкімдігіне арнайы ұсыныстар жолданбақ. Сондай-ақ Жеңістің 80 жылдығына орай «Орал өңірі» газетінде эссе байқауын өткізу жоспарда бар.

22aa7ef8-1260-4b10-b8eb-3d3c676fdabe

Аймақтық әдебиет саласындағы ерекше жаңалықтардың бірі – «Ақ Жайықтың аспаны» атты батысқазақстандық жас ақындардың жыр жинағының жарыққа шығуы. Облыстық әкімдіктің қолдауымен шыққан бұл кітапқа 100 дана тираж бөлінген. Дегенмен бұл көлемнің жеткіліксіз екені айтылды. Кездесуде қосымша қаржы-қаражаттың реті шықса, жинақтың электронды нұсқасы негізінде қосымша даналар басылып шығуы мүмкінкіндігі сөз болды.Сонымен қатар Қазақстан Жазушылар одағына мүше емес жас ақын-жазушылар мен Талап Таймасұлы жетекшілік ететін «Ақберен» жас ақындар мектебінің шәкірттерінің шығармаларын «Орал өңірі» газетінде жариялау жоспарланып отыр. Бұл жас таланттарға өз туындыларын оқырмандарға танытуға мүмкіндік бермек.

714972a6-356b-427b-a0d3-c768cabd067e

Жиналыс барысында жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын қолдау, жаңа жобаларды іске асыру және әдебиет саласындағы бірқатар бастаманы жүзеге асыру жолдары кеңінен талқыланды. Батысқазақстандық әдеби қауымдастық үшін бұл жұмыстар аймақ әдебиетінің дамуына жаңа серпін беретіні анық.

Аружан Болатбекқызы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале