Биыл еліміз үшін ерекше атаулы даталарға толы жыл. Соның бірі – дана да дара ақын Қадыр Мырза Әлінің 85 жылдығы. Қадырды танитын адам қазақты таниды. Ақын өз шығармаларында адам ұғымындағы махаббат, бақыт, балалық пен жастық шақ, кәрілік кезеңге дейінгі сәттерді әдемі суреттеген. Сондықтан, ел-жұрт қазақтың дара Қадырын құрмет тұтады.
Оралда Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлидің 85 жылдығына арналған "Қазақтың Қадыры" атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы жарияланды.
Мүшәйраға 18-40 жас аралығындағы Батыс Қазақстан облысы ақындары ғана қатыса алады.
Қатысушы үміткерлер мүшәйраға бұрын еш жерде жарияланбаған екі өлеңін ұсына алады. Оның бірі – қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлиге арналған, яғни оның ұлтқа сіңірген еңбегін, қазақ әдебиетіне қосқан үлесін дәріптейтін, екіншісі – Ақ Жайық өңірі туралы немесе еркін тақырыпта болуы керек.
Ұйымдастырпушылар таратқан мәліметке сүйенсек, қатысушылар өлеңдерін үстіміздегі жылдың 18 қыркүйегіне дейін тапсырып үлгеруі тиіс.
Мүшәйра іріктеу кезеңі және ақтық сыннан тұрады.
Айта кету керек, жеңімпаз-жүлдегер ақындар диплом, бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады.
Ертай Бимұханов,
zhaikpress.kz