Бүгін Орал қаласындағы мəдениет жəне демалыс саябағында жастардың ұйытқы болуымен сенбілік өтті. Батыс Қазақстан облыстық жастар саясаты мəселелері басқармасының бас маманы Əділгерей Зұлхаровтың айтуынша, шара ҚР ақпарат жəне қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен биылғы мамыр айы бойы "Киелі табиғат" атты ұлттық жоба ауқымында өтуде.
- Бүгінгі акция - "Таза саябақтар" деп аталады. Жалпы биыл мамыр айының əр сенбі күндері əртүрлі бағытта іс-шаралар жоспарланған. Мəселен, өткен сенбіде облыс жастары саябақтарда көшет отырғызумен айналысты. Бүгін міне, "Таза саябақ" жобасымен қалалық мəдениет жəне демалыс саябағы аумағын түрлі қоқыс қалдықтарынан арылтудамыз. Бұл жұмыстарға қатысуға қаладағы оқу орындарының жастары, мектеп оқушылары тілегін, ниетін білдірді. Сонымен қатар бүгінгі Халықаралық отбасы мереке күніне орай сəйкес келгесін осы жұмыстарға жас отбасыларды тартып, жұмылдыруды жөн санадық. Себебі, ортаның тазалығы отбасыдан басталады емес пе?! Бүгін мұнда ерлі-зайыпты жас отбасылар балаларымен келіп, саябақтың ішін, айналасын тазалауда. Бұл жоба жалғасын табатын болады. Сондай-ақ бүгін қалада "Таза жағалау" акциясы өтуде. Өзен жағалауын тазалауға қаладағы барлық мекемелер, тұрғындар атсалысуда, - деді ол бізбен əңгімесінде.
Сенбіліктің басы-қасында жүрген облыстық жастар ресурстары орталығы жастарды қолдау бөлімінің басшысы Самат Рахымғалиевтің бізге берген мəліметі бойынша саябақтағы тазалық жұмыстарына түрлі ұйымдардан 40-қа жуық жастар қатысуда.
Нұрымбек Жапақов,
zhaikpress.kz