Көлігіне зақым келген Орал қаласының тұрғыны шығынды сот арқылы өндіріп алды.
БҚО сотының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, 2024 жылдың 19 қаңтарында бірнеше автокөліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болған. Соның ішінде аталған тұрғынның көлігіне де зақым келген. Оқиғаға кінәлі ретінде №1 қалалық емхана аталды.
Талап қоюшы сақтандыру компаниясына жүгінген кезде зақым 2 млн 329,727 мың теңгеге бағаланған. Алайда талапкер бұл есеппен келіспей, бағалау компаниясына жүгінген. Компания шығынды 8 млн 854,617 мың теңге деп бағалаған. Жауапкер қалалық емхана мен сақтандыру компаниясы бұл талаппен келіспей, талап арызды қанағаттандырудан бас тартуды сұрады.
- Қалпына келтіру-жөндеу жұмыстарының құнын анықтау мақсатында сот тағайындаған сот-тауар сараптамасы келтірілген зақым құнын 9 млн 237,639 мың теңгеге бағалады. Сот осы көлемде материалдық шығынды өндіру туралы шешім шығарды. Оның ішінде қалалық емханадан 7 млн 892,463 мың теңге, сақтандыру компаниясынан 2 млн 439,198 мың теңге өндірілетін болды. Шешім заңды күшіне енді, - деп хабарлады ведомстводан.
Дереккөз: ҚазАқпарат