Бүгін саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық халқымыздың тарихындағы «тар жол тайғақ кешкен» тақсыретті кезеңдердің бірі. Бұл күн 1997 жылдан бастап атап өтіледі. Ал 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы қабылданды.
Бүгін Оралда облыстағы Қазақстан халқы ассамблеясының корей этно-мәдени бірлестігінің өкілдері саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай мұнайшылар гүлбағындағы «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткішіне гүлшоғын қойды.
- Бүгін біздер саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Кеңес дәуірі жылдарында ауыр жылдарды бастан кешірдік. Сол уақыттағы саяси жүйенің салдарынан кінәсіз қуғын-сүргіннің зардабын шеккендер көп болды. Қуғын-сүргін құрбандарының ішінде кәрістер де болды. Олар Қиыр Шығыстан мәжбүрлі түрде көшірілді және осы Батыс Қазақстан өңіріне де көшірілді. Біз Қазақстан мемлекетіне құрбандарды ақтауда әділдік орнатуды қолға алғаны үшін ризашылығымызды білдіреміз. Бүгін біз сол аталарымыздың ұрпағы ретінде Қазақстан халқымен бірге саяси қуғын-сүргін, ашаршылық құрбандарын құрметпен еске аламыз. Есте сақтау, құрметтеу біз үшін де, болашақ ұрпақ үшін де аса маңызды. Өйткені бұл жағдай қайталанбауы керек, - деді БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының корей этно-мәдени бірлестігінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Владимир Хон.
Қиын-қыстау кезеңде қазақ жеріне тұтас халық жер аударылды. ХХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанға миллиондаған адам күшпен көшірілді. Олардың қатарында корейлер, финдер, немістер, поляктар, күрдтер мен қарашайлар, месхеттік түріктер, кавказдықтар және басқа да көптеген ұлыстар бар. Қазақ жеріне қоныс аударған сол этностар өкілдерінің барлығы бүгінде біздің бауырларымызға, отандастарымызға айналды.
zhaikpress.kz