Орал қаласында көшеде мас күйде жүрген прокурорға қатысты қызметтік тексеріс басталды. Бұл туралы БҚО Прокуратурасының ресми өкілі Динара Нұрсұлтанова мәлімдеді.
Сурет: видеодан скрин /Айболат Бөкеновтың ФБ-дағы парақшасынан алынды
Күні кеше ғана әлеуметтік желіде белгісіз ер адамның көшеде мас күйінде жүргені туралы видео тараған еді. Видеоны таратқан автор көшеде жүрген ер адам мас күйінде дәрет сындырған деп жазды. Сонымен қатар видео авторы ер адамның прокурор екендігін айтты.
Біз ақпараттың анық-қанығына көз жеткізу үшін облыстық прокуратураға хабарластық. БҚО Прокуратурасы видеодағы ер адамның прокурор екендігін растады.
– БҚО Прокуратурасы Айболат Бөкеновтың Фейсбук парақшасындағы «Қоршаған ортаны қорғайтын прокурор қоршаған ортаны бүлдіріп жүргені қалай?» атты жариялымы бойынша қызметтік тергеу тағайындалғанын және оның нәтижесі жұртшылыққа жарияланатынын хабарлайды, - делінген ресми ақпаратта.
– Біз видеодағы адам прокурор ма? - деп нақтылап сұрадық.
– Иә, ол БҚО мамандандырылған табиғатты қорғау прокуроры Абылай Бисқалиев, - деп жауап берді прокуратура өкілі Динара Нұрсұлтанова.
Жанат Көшкінбай
zhaikpress.kz