Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5517 әскери бөлімінде Тәуелсіздік күніне орай құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында штаттық қарудан оқ ату бойынша турнир өтті.
Аталмыш жарысқа БҚО Полиция департаменті, Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімі, БҚО Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі департаменті, БҚО Экономикалық тергеу департаменті, Батыс Қазақстан облысы бойынша мамандандырылған күзет қызметінің басқармасы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті, Қылмыстық атқару жүйесі департаменті, БҚО Прокуратура қызметкерлері қатысты.
Турнир барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері жеңіске деген ерік-жігерін көрсетіп, өз командасы үшін аянып қалмады.
Тартысты өткен турнирдің қорытындысы бойынша Полиция департаментінің құрамасы жеңімпаз атанса, ІІ орынды Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінің құрамасы иеленді, ал ІІІ орынды Батыс Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі департаменті құрамасы қанағат тұтты.
Айта кетейік, БҚО Полиция департаментінің қызметкерлері штаттық қарудан ату турнирі кезінде де, жеке біріншілікте де жоғары нәтижелер көрсетті.
Ерлер арасында І орынды Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің полиция подполковнигі Бекчентаев Вадим Валерьевич жеңіп алды, ІІ орынды 5517 әскери бөлімінің офицері, майор Абдрахманов Роман Маратович иеленді, ал ІІІ орынға Батыс Қазақстан облысы бойынша мамандандырылған күзет қызметінің полиция аға лейтенанты Маратов Аблай Алібекұлы қол жеткізді.
Әйелдер арасында орындар келесідей бөлінді: І орынды Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің полиция майоры Мажитова Дариға Тлекқызы, ІІ орынды Экономикалық тергеу департаментінің офицері, майор Куликова Ольга Каржаубаевна, ІІІ орынды Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі департаментінің офицері, майор Нуртазина Айгуль Галимовна иеленді.
Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубоктармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Капитан Ертуған Әубакир