6.11.2025, 20:00
Оқылды: 73

Оралда құқықтық мәдениетке арналған кездесу өтті

Бүгін А.Иманов атындағы Орал жол-көлік колледжінде студенттер мен оқытушылар құқық қорғау құрылымдары және зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Жастардың патриоттық сезімін, құқықтық мәдениеті мен жауапкершілігін қалыптастырып, құқық бұзушылықтың алдын алуды мақсат еткен шараға жүзден астам адам қатысты.

f367e72f-a135-4371-8a69-9573d1568656

Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында құқықтық мәдениетті нығайтуға ерекше назар аударғандығын атап өтті.

– Мемлекет басшысының бастамасын жүзеге асыру мақсатында Үкімет «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын әзірледі. Бұл құжат тек құқық бұзушылықтарға қарсы жедел әрекет етуді емес, сонымен қатар құқықтық сауаттылықты арттыру мен заңға құрметті тәрбиелеуді көздейді. Тұжырымдаманың басты идеясы — құқықтық мәдениетті қоғам өмірінің іргетасына айналдыру. Яғни, заңға бағыну – сыртқы міндет емес, әр азаматтың ішкі сенімі мен күнделікті мінез-құлқының ажырамас бөлігі болуы тиіс. Мұндай іс-шаралар жастардың құқықтық санасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Әр азамат қоғам өміріне белсене араласып, заңды сақтап, өзге адамдардың құқықтарын құрметтеуі тиіс. Сонда ғана біз әділетті, өркендеген мемлекет құра аламыз, — деді ол.

Колледж ұжымы атап өткендей, студенттердің заңға құрметпен қарау, түрлі өмірлік жағдайда дұрыс шешім қабылдай білу қабілетін дамыту – басты міндеттердің бірі.

Қалалық прокуратура өкілі Жандос Қуанышбеков жастардың құқықтық мәдениетін арттырудың маңыздылығына тоқталды:

– Батыр Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды. Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзі бар. Қоғамдық тәртіпті сақтау – әр азаматтың борышы. Әсіресе жастар түнгі уақытта көшеде себепсіз жүрмей, өз қауіпсіздігіне мән беруі керек, - деді ол.

Ал Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Данильбек Саратов жастарға бағытталған тәрбиелік жұмыстың маңызын атап өтіп, А. Иманов атындағы жол – көлік колледжінің студенттерінің тәртібі мен мәдениеттілігіне жоғары баға берді.

Кездесуде ел болашағы жастардың құқықтық және азаматтық мәдениетіне тікелей байланысты екендігі айтылды. Сондықтан заңды құрметтейтін, білімді әрі жауапты азамат – мемлекеттің берік тұғыры болмақ. Спикерлердің айтуынша, осындай диалог алаңдары оқу орындары, ата-аналар мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты арттыруға мүмкіндік береді. Бұл іс-шаралар жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға жол ашары сөзсіз.

Гүлжамал Жолдығали
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале