11.05.2018, 11:35
Оқылды: 80

Оралда майдангер тұрған үйге ескерткіш тақта ілінді

DSCN5425Жеңіс мерекесі қарсаңында Ұлы Отан соғысы және ішкі істер органдарының ардагері, милиция старшинасы Саниахмет Қапашев тұрған Орал қаласы Зашаған кентіндегі Южный көшесі 21-үйдің қабырғасына ескерткіш тақта ілінді.

Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына ардагерлер, Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасының, Зашаған кенті әкімдігінің қызметкерлері, мектеп оқушылары және Саниахмет Қапашұлының туысқандары қатысты.

Саниахмет Қапашұлы 1926 жылы бұрынғы Орал облысы Чапай ауданының Талпын ауылында дүниеге келген. 1944 жылдың қазан айында Кеңес әскері қатарына шақырылады. Ресейдің Челябі облысындағы алғашқы даярлықтан кейін, Минск қаласы және Польша арқылы өтіп, Белорусс фронтының 250 атқыштар дивизиясы құрамында Германия территориясындағы ұрысқа қатысады. Жеңістен кейін әскери қызметін 1947 жылға дейін Германияда, кейін Калинин қаласында жалғастырады. 1950 жылдың 20 қыркүйегінде әскерден босатылады. Отан Соғысының бірінші, екінші дәрежелі ордендерімен марапатталады. Ол соғыстан кейінгі бейбіт өмірде отыз жылдан аса Кеңес милициясы қатарында қызмет етіп, Заң мен тәртіптің нығаюына, ішкі істер органы қызметкерлерінің тұтас бір буынын тәрбиелеп шығаруға айрықша үлес қосқан.

Салтанатты шара кезінде БҚО мамандандырылған күзет қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Телман Үсенов, облыстық Ішкі істер департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Жайлыбай Адаев құттықтау сөз алып, Саниахмет Қапашұлының соғыстағы ерлігі мен бейбіт күндегі ерен еңбегі ұрпақ жадынан өшпейтінін, мұндай шаралардың отаншылдық рухты қалыптастырудағы маңызы зор екенін жеткізді. Зашаған кенті әкімінің орынбасары Нұрболат Мұхитов ескерткіш тақтаны орнатқан БҚО мамандандырылған күзет қызметі басқармасына алғысын білдірді.

DSCN5430ҰОС және ішкі істер органдарының ардагері Саниахмет Қапашевтың отбасы атынан марқұмның жары, тыл ардагері Өзипа Садыққызы және ұлы, ішкі істер органдарының зейнеткері, доғарыстағы милиция полковнигі Батыр Ахметұлы сөз алды.

- Біздің әулетімізден Ұлы Отан соғысына бес адам қатысқан. Олар - менің атам, әкем және әкемнің үш ағасы. Өкінішке орай, сұрапыл майданнан әкем ғана аман оралды. Сол кезеңде мұндай қайғылы жағдай көптеген отбасында болды. Бүгінгі шара үшін Ішкі істер департаментінің ардагерлер кеңесіне, күзет басқармасы қызметкерлеріне айтар алғысым шексіз. Менің әкеме орнатылған ескерткіш тақтаны Ұлы Отан соғысының барлық ардагерлеріне арналған ерекше құрмет деп білемін, - деді майдангердің ұлы.

Жиылған жұртшылық ескерткіш тақта маңына гүл шоқтарын қойып, соғыс ардагерін бір минут үнсіздікпен еске алып тарқасты.

 

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале