Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрында ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сәбит Досановтың "Мәншүк" драмасының премьерасы өтті. Қойылымға автордың өзі арнайы келіп қатысты.
Соғыс талай жанның өмірін қиып, бізге тек есімдерін ғана қалдырды. Сол Ұлы есімнің бірі – Мәншүк. Ұлы Отан соғысы басталған кезде жерлес батыр медицина институтында оқып жүрген болатын. 1942 жылы өз еркімен әскер қатарына алынып, ұрысқа қатысты.
Аға сержант, пулеметші Мәншүк ұрыстарда өзінің мергендігімен және тобында батылдығымен көзге түсті. Невель қаласы үшін болған кескілескен шешуші ұрыста Мәншүк ақтық демі біткенше пулеметтен оқ боратып, қаһармандықпен қаза тапты. Осының бәрі қойылымда әдемі көрініс тапқан. Мәншүк бойжеткеннің бойындағы қорқынышы, үміті, қайтпас қайсарлығы, сертіне адалдығы, арманы бейнеленген қойылым көптің көңілін дөп басты.
Туындыда Мәншүктің ролінде Айжан Қайырова мен Әйгерім Сағаденова ойнайды. Ал Мәншүктің аналары ролі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлжиян Шынтемір, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Әсел Мәмбетоваға, әкелері ролі Айдар Жарылғапов пен Талиғат Жігеровке бұйырыпты. Ал жауынгер Нұркеннің ролін Жылқыбай Жұбатов алып шықты.
Драма авторы Сәбит Досанов шығармашылық топқа алғысын білдіріп, сый-сыяпат табыстады.
- Батыр апамыз 20 жасында сұм соғысқа аттанды. Марқұм бір өзі 72 немісті өлтірген екен. - Небәрі 20 жастамын,
Жазылған жоқ өмірбаян-дастаным.
Айтылған жоқ жақсы әнім,
Небәрі 20 жастамын, - дейді батыр қыз монологінде. Қайсар жанның рухына осылай, қойылым арқылы тағзым етіп жатырмыз. Бұл - бірлесе жасалған дүние. Облыс әкімі бастаған топ қолдау көрсетті. Сахнада қанша киім, декорация бар. Бәрі керемет жасалған. Бұйырса, осы дүниені Астана жұртшылығына ұсынамыз, - деді жазушы.
Қойылымның режиссері, жерлесіміз Асхат Маемиров театр ұжымына ерекше алғысын жеткізді.
- Халықты Мәншүкпен табыстырған Сәбит ағаға рахмет. Осы керемет идеяны тастаған облыс әкімі Алтай Көлгінов мырзаға да алғысым ерекше. Бұл қойылымнан соғыстың көркемдік жағын көрдік. Себебі шығарманың өзі соған сұранып тұр. Батыс Қазақстан мәдени кеңістігінде көптеген жаңалықтар болып жатыр. Тағы айта кететінім, осы қойылымды сахналаған театрдың әлеуеті жоғары. Күзде Алматыға келіп, есеп берсеңіздер екен деймін. Себебі сіздер жасап жатқан дүние көрсетуге тұрарлық, - деді режиссер.
Аталған қойылымнің тағы бір режиссері - Әлия Баймахан, қоюшы суретшілері – Мәдениет саласының үздігі Қайыр Оразғалиев, Мұрат Мамбетов.
"Мәншүк" драмасы ертең, бүрсігүні облыстық қазақ драма театрында өтетінін естеріңізге сала кетейік.
Айта кетейік, Ұлы Жеңістің 73 жылдығы мен Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың ерлігіне 75 жыл толуына орай бейсенбі күні Орал шаһарынан Самара, Москва, Ржев, Великие Луки, Новосокольники, Невель қалаларына V халықаралық автожорығы аттанды. Экспедиция мүшелері салтанатты өтетін жеңіс шеруін Невель қаласында қарсыламақ.
Сонымен қатар Астана қаласында батыр қызға ескерткіш орнатылмақ. Ескерткіштің биіктігі тұғырымен қоса есептегенде 6,1 метр болмақ. Онда шинель киіп тұрған батыр қыз бейнеленген. Авторы - белгілі қазақстандық мүсінші Мұрат Мансұров. Ескерткішті биыл жазда Астана күніне орай ашу көзделуде. Мүсіндерді есептемегенде, бұл осымен Мәншүктің бесінші ескерткіші екен.
Айдана Хамидуллина
zhaikpress.kz