Орал қаласында мектеп оқушыларына арналған профилактикалық іс-шара өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Сурет: Polisia.kz
Орал қаласындағы №1 жалпы білім беретін мектепте бір күнгі қалыпты оқу үдерісі маңызды тақырыптарды талқылауға арналды. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі биылғы жылды "Балалар жылы" деп жариялауына, сондай-ақ "Заң және тәртіп" қағидаттарын іске асыру мақсатында 7-8 сынып оқушыларына жасөспірімдер арасында қауіпсіздік пен құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Кездесудің бастамашысы Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті болды. Құрғақ лекциялардың орнына ашық диалог, өмірден алынған нақты мысалдар және оқушылардың өздерін толғандырған сұрақтар талқыланды. Көп жағдайда "әзіл" немесе "ұсақ-түйек" болып көрінетін, алайда шын мәнінде ауыр құқықтық салдарға әкеп соғатын әрекеттерге — буллинг пен кибербуллингке, сталкингке, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама беруге ерекше назар аударылды. Сондай-ақ жол жүрісі қауіпсіздігі ережелерін сақтау, қоғамдық тәртіпті бұзбау және интернет кеңістігінде сауатты әрі жауапты мінез-құлық қалыптастыру мәселелері кеңінен қамтылды. Полиция қызметкерлері күнделікті өмірден алынған мысалдар арқылы еркіндік пен жауапкершіліктің аражігін көрсетіп, жеке қауіпсіздік әрқашан саналы таңдаудан басталатынын түсіндірді. Кездесу форматы әр оқушының пікірін еркін айтуына мүмкіндік берді: мектеп оқушылары белсенді түрде сұрақ қойып, түрлі өмірлік жағдайларды талқылап, түсінікті әрі шынайы жауаптар алды. Мұндай іс-шаралар құқық бұзушылықтың алдын алып қана қоймай, жасөспірімдердің өзіне деген сенімділігін арттыруға, заңға құрметпен қарауға және қауіпсіздік — ересектер мен балалардың ортақ жауапкершілігі екенін түсінуге септігін тигізеді.